«Қиын кезең»: Бағдат Мусин экс-министрге алғысын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Бағдат Мусин бұған дейін ҚР Президентінің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі болды

20 шілде күні Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев қызметінен босатылды. Үкімет қаулысымен ведомствоның бірінші вице-министрі болып тағайындалған Бағдат Мусин енді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі міндетін қоса атқарады.

Кешеден бастап жаңа қызметіне кіріскен Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды. 

«Қиын кезең. Цифрландырудың маңызы зор екені барлығымызға мәлім. Барынша күш-жігерімді салуға тырысамын. Сіздерден ұсыныс болса, қабылдауға ризамын», - деп жазды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Бағдат Мусин.

Бағдат Мусин бұрынғы Цифрлық даму министрі Асқар Жұмағалиевке алғысын айтты.

«Мен Асқар Қуанышұлының қол астында ұзақ жыл қызмет еттім. Ол жетекшілік еткен кезде IT саласы жаңа бір деңгейге көтерілді. Одан үйренгенім көп. Елім үшін қызмет етемін. Премьер-министр бірінші кезекте назар аударатын мәселелерді атады», - деп жазды ол.

Мусин Бағдат Батырбекұлы 1983 жылы 3 наурызда Павлодар облысының Екібастұз қаласында туған. Сүлеймен Демирел атындағы университетті «инженер-жүйе технигі» мамандығы бойынша, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын инженер-бағдарламашы болып бастады, Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» РМК АЖ сүйемелдеу бөлімінің бастығы, ҚР Әділет министрлігінің Экономика және қаржы департаменті Ақпараттық технологиялар басқармасының бастығы болып жұмыс істеді, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің құрылымында басшылық қызметтер атқарды, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазпошта» АҚ, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетін басқарды.

Биылғы наурыз айында ҚР Президентінің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды.