Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қарағанды фармацевтикалық кешені» өзара келісімге келді
Қазақстан үкіметі Қарағанды облысында құны 42,5 млрд теңге болатын фармацевтикалық зауыт салу жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дәлірек айтсақ, үкімет Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС арасындағы өндірістік қуаттарды салу және жаңғырту жобасы бойынша инвестициялар туралы келісімді мақұлдап,премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды
Бұл зауыт үшін 42,5 млрд теңгені жеке инвестиция тартылады. Зауыт 74 түрлі дәрі шығарады деген жоспар бар.
«Дәрілердің арасында онкологиялық, аутоиммунды және орфандық ауруларды емдеуге арналған инновациялық дәрілік препараттар болады. Зауыт әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу мен емдеуге қажетті иммунобиологиялық және басқа да жоғары технологиялық препараттарды өндірумен қатар, әлемдік стандарттар бойынша белсенді фармацевтикалық ингредиенттердің, биологиялық және биотехнологиялық өнімдердің синтедеуді жолға қояды», - деп хабарлаған үкімет.
Зауыт салынып, ашылса, 70 жаңа жұмыс орны ашылады деген болжам бар.