Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы құрылыс, лицензия және мемсатып алу жүйесіндегі олқылықтарды атады
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, Қазақстандағы құрылыс саласында жүйелі проблемалар қалыптасқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Депутаттың айтуынша, мәселе тек бір бағытпен шектелмейді. Ол жергілікті атқарушы органдардың жұмысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы, лицензиялау және мемлекеттік сатып алу жүйесін түгел қамтиды.
Ең басты проблемалардың бірі – өңірлердегі мүдделер қақтығысы. Қазіргі жүйеде бір орган құрылысқа тапсырыс беріп, өзі рұқсат беріп, кейін сол жобаны өзі бақылап отыр. Ал бақылаушы орган сол құрылымға бағынышты болғандықтан, заң бұзушылықтарға дер кезінде тосқауыл қоя алмайды.
Соның салдарынан бас жоспарға қайшы нысандар салынып, кейін әкім ауысқанда заңсыз деп танылып, бұзу жұмыстары басталады. Депутат «бұған жол бергендер жауапқа тартыла ма?» деген мәселені көтерді.
Сонымен қатар, лицензиялау жүйесінің де мәні кеткен. Мәліметке сәйкес, 400-ден астам компания қажетті техникасы мен мамандары болмаса да лицензия алған. Бұл жағдай бұрын да болғанымен, соңғы реформаларға қарамастан мәселе қайта ушығып отыр.
Нажметдинұлы мемлекеттік сатып алу ережесіндегі 72-тармақты да сынға алды. Бұл норма бойынша лицензиясы бар компания автоматты түрде талапқа сай деп есептеледі. Ал нақты ресурстары тексерілмейді.
Осының нәтижесінде миллиардтаған теңгенің келісімшарттары мүмкіндігі жоқ компанияларға беріліп, жұмыстар субмердігерлерге өткізіледі. Бұл сапаның төмендеуіне және бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкеледі.
Осыған байланысты депутат құрылыс бақылауын орталықтандыруды, лицензиясы бар компанияларды нақты тексеруді және мемлекеттік сатып алу талаптарын қайта қарауды ұсынды.
Ол мемлекеттік сатып алу мен құрылыс саласы тек құжат емес, бұл – азаматтардың қауіпсіздігі мен мемлекет қаржысы екенін атап өтті.