42 500 теңгені өтінішсіз алатын азаматтар тобы анықталды – Еңбек министрі

Аталған категорияға жататын адамдарға бүгін SMS-хабарлама жолданады

42 500 теңгені өтінішсіз алатын азаматтар тобы анықталды – Еңбек министрі
фото: Батыржан Беспаев

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еліміздегі кейбір категориядағы азаматтарға Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп проактивті төлем жасауға шешім қабылданғанын мәлім етті. Министрдің айтуынша, аталған категориядағы азаматтар шілде айына берілетін 42 500 теңгені  порталға өтініш жібермей-ақ ала алады.

«Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, кейбір категориядағы адамдарға проактивті төлем жасауға шешім қабылдадық. Біз барлық базаны зерттеп, әр аймақтағы техникалық шектеулерді есепке ала отырып, әлі күнге дейін ешқандай кіріссіз отырған адамдар тобын анықтадық. Бұл категориядағы жандарға төлем портал мен телеграмға өтінішсіз, өз келісімі бойынша сырттай тағайындалады. Мысалы, жалдамалы жұмысшылар мен жеке кәсіпкерлердің жағдайы дұрыс төтенше жағдай кезінен бері өзгеріп қалуы мүмкін. Бүгінгі карантиндік шектеулер ТЖ қарағанда жеңілдеу. Екіншіден, 5 шілдедегі карантиндік шектеулер әр өңірде әртүрлі. Сондықтан біз олардың өтініштерін портал арқылы қабылдамай, штабтар арқылы анықтауды жөн көрдік» - деді министр. 

Проактивті төлем тағайындалған азаматтардың ұялы телефон нөміріне 16 шілде күні өз жағдайын растау туралы хабарлама келеді.

«Біз бұл категориядағы адамдарға бүгін SMS жолдаймыз, онда тұлға өз жағдайының 5-ші шілдеден бастап өзгермегенін растауы тиіс. Ол үшін хабарлама алған азаматтар 0 санын жауап ретінде жіберулері тиіс. СМС алған кісілерге ертеңгі күні порталға өтініш берудің қажеті жоқ», - деді министр.

Еске сала кетейік, 17 шілдеден бастап 42 500 теңге бойынша өтініш қабылдау басталады. Сондай-ақ өтініш беру мерзімі 1 қыркүйекке дейін жалғасады

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.