EXPO аумағы жаңа буынның технологиялық кластеріне айналады – министр

Автор: Нұргүл Абай

Болашақта Exponential Cluster жыл сайын 500-ге дейін стартапты іске қосып, инновацияларды тарту орталығына айналмақ

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Астанадағы EXPO аумағы заманауи технологиялық кластер – Exponential Cluster-ге айналады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Инновациялық инфрақұрылымды дамытудың келесі маңызды кезеңі – EXPO аумағын заманауи технологиялық кластер – Exponential Cluster-ге айналдыру. Exponential Cluster – ғылым, технологиялық стартаптар мен индустрия біртұтас экожүйе аясында тоғысатын үлгілі инновациялық алаң», - деді Мәдиев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, қазір кластер аясында мамандандырылған орталықтар желісі қалыптасуда. Мысалы: Robotics, DroneTech, GameDev, Cybersecurity, MedTech, AgriTech, Industry 4.0 және Cybersport.

«Атап айтқанда, Робототехника орталығында гуманоид роботтар зертханасы іске қосылды, қашықтан басқару және AlemLLM жүйесімен интеграция жүзеге асырылды, қолданбалы әзірлемелер жүргізілуде. Сонымен қатар Дрондар орталығында Phygital-арена мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлауға арналған инфрақұрылым құру аяқталуға жақын. Қалған бағыттар бойынша индустриялық серіктестермен бірлескен пилоттық жобалар пысықталуда. Жалпы, барлық орталықты іске қосуды осы жылы аяқтау жоспарланып отыр», - деді министр.

Мәдиев кластер жыл сайын 500-ге дейін стартапты іске қосуға, соның ішінде 100-ден астам hardware-жобаны және ондаған салалық шешімді дамытуға мүмкіндік беретін инновацияларды тартудың жаңа орталығы ретінде қалыптасып жатқанын айтты.