42 500 теңге: Бұл жолы Kaspi.kz пен Halyk Bank арқылы да өтініш беруге болады

Екі банктің ұсынысына қатысты мәлімет 16 шілдеде хабарланады

42 500 теңге: Бұл жолы Kaspi.kz пен Halyk Bank арқылы да өтініш беруге болады
Фотоколлаж

Бұған дейін хабарлағанымыздай, осы жұма, яғни, 17 шілдеге дейін Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп 42 500 теңге төлем бойынша өтініш қабылдайтын порталдарды іске қосады. Ал, келесі дүйсенбі, 20 шілдеден бастап алғашқы төлем жасалуы тиіс.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов өтініш қабылдайтын порталдарды атай келе, еліміздегі екі қаржы институтының сондай порталдар қатарына қосылуға ниет танытқанын мәлім етті.

«Өтініштер, өткендейгідей, «42 500» порталында, электронды үкімет порталында қабылданады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін телеграм-боттар жұмыс істейді. Тағы да қайталап айтамын, бұл порталдар тек жұма күні іске қосылады, әзірге, өтініш жіберіп әуре болмаңыздар», - деді Нұрымбетов.

Ал, екі банктің ұсынысына қатысты қосымша мәлімет осы бейсенбі, 16 шілде күні қосымша хабарланады.

«Каспий банк пен Халық банк өтініш қабылдайтын порталдар қатарына қосылуға ниет білдірді. Яғни, өтініш қабылдайтын портал ретінде жұмыс істеуге ұсынысын айтты. Оны да іске асырамыз. Осы порталдар арқылы өтініш тастауға болады. Қосымша мәліметті бейсенбі күні айтамыз», - деді Біржан Нұрымбетов.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.