Шілдедегі 42 500 теңге төлемге өтініш қабылдау қай күннен басталады – министрдің жауабы

Автор: Azattyq Rýhy

42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек төтенше жағдай кезіндегі қағидатқа сай төленеді

Фотоколлаж

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов карантин кезіндегі 42 500 теңге алу үшін берілетін өтініш қай күннен бастап қабылданатынын және қай күннен бастап төлем басталуы мүмкін екенін хабарлады.

«Карантинге қатысты шектеулер салдарынан табыссыз, жалақысыз қалған азаматтарға ең төменгі жалақы көлемінде бір реттік көмек беру туралы шешім қабылданы. Оның көлемі - 42 500 теңге», - деді Нұрымбетов бүгінгі баспасөз мәслихатында.

«Көпшілікті соңғы мәселе қызықтырады» деген Нұрымбетов өзге де әлеуметтік қолдаулар арасынан осы тетікке бірінші болып тоқталды.

«Халықтың тарапынан түсіп жатқан сұрақтарға қысқаша жауап берейін. Төлем бұл жолы кімдерге төленеді? Бұл жолғы 42 500 төлем төтенше жағдай кезіндегі қағидатқа сай төленеді. Яғни, жұмыс істеп жүріп, табысынан, алып жүрген жалақысынан айырылған азаматтарға төленеді.

Екінші сұрақ - қашан төленеді? Бұл жолғы төлем жасаудың операторы ретінде тағы да мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры белгіленді. Өткенде бұл қордың қаржылық жағдайы туралы айтқанбыз. Қаржы мәселесі қиын. Бірақ бүгін шешім қабылданды. Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп бір апта ішінде Қордың қаржылық жағдайын шешуі керек. Оған дейін біз өтініш қабылдайтын порталдарды дайындаймыз. Осы жұма күні бүкіл портал өтініш беруге дайын болуы керек. Сол күннен бастап өтініш қабылдау басталады. Ал, 20 шілдеден бастап төлемдерді аударуға кірісеміз. Әзірге, электронды үкіметке, 42 500 сайтына кіріп, әуре болмаңыздар. Порталдарды біз жұмаға дейін дайындауға тырысамыз, төлем 20 шілдеден басталады деген үміт бар», - деді Нұрымбетов.

Еске сала кетейік, коронавирусқа қатысты енгізілген карантин режимі 2 тамызда аяқталады.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан