Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті
Қазақстанның аймақтарына дене қызуын түсіретін дәрілер мен антибиотиктердің бір айға жететін қоры жіберілген. Үкімет отырысында елдегі дәрі-дәрмекке қатысты жағдай туралы есеп берген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деп хабарлады.
«Халық көп сұрап жатқан дәрі-дәрмектің 21 түрі аймақтарға жіберілді. Әкімдер дәріханаларға мониторинг жүргізіп, осы дәрілердің міндетті түрде болуын тексеруі керек. Қазақстанда дәрі-дәрмек қорын толықтыру үшін Ресейге екі, Үндістанға бір ұшақ жібереміз. Отандық өндірісті есептегенде, осы уақытқа дейін 2 млрд теңгеге 3,5 млн қаптама дәрі алдық», - деді Алексей Цой.
Жалпы, өңірлерге көбінесе адамның дене қызуын түсіретін және антибактериалды дәрі-дәрмек жіберілген. Қолда бар дәрі-дәрмек қоры аймақтар арасында тең бөлінген.
«Ертең, 15 шілде және 17 шілде күні Үндістанға екі ұшақ, Ресейге бір ұшақ (дәрі-дәрмек әкелуге – авт.) жібереміз», - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан