Асқар Мамин: Карантин 2 тамызда аяқталады

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде карантин режимі тағы 2 аптаға созылады

Фотоколлаж

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде карантин режимінің тағы 2 аптаға созылатынын және мұқтаж жандарға Үкімет шілде айына 42,5 мың теңге төлейтінін хабарлады.

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин Қазақстандағы карантин режимі нақты қай күні аяқталатынын айтты. Үкімет басшысы қазақстандықтардан елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін карантин талаптарын қатаң сақтауды сұрады.  

«Вирустың таралуы бойынша жағдай күрделі. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша, эпидемиологиялық ахуалды одан ары тұрақтандыру үшін шектеу шараларын тағы екі аптаға, 20 шілдеден бастап 2 тамызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдап отырмыз. Осы ретте, барлық қазақстандықтарды карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырамын. Бұл аса маңызды. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен, мүдделі мемлекеттік органдармен карантинді ұзартуға қатысты барлық шараларды іске асырсын», - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ Премьер-министр жергілікті атқарушы орган басшыларына, яғни, әкімдерге өз өңіріндегі жағдайды жақсартып, тұрақтандыру үшін тиісті шаралардың бәрін қабылдау жөнінде тапсырма берді.

Еске сала кетейік, Үкімет басшысы Асқар Мамин карантин кезінде 42 500 теңге көлеміндегі төлем кімдерге берілетінін айтты. 

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан