Қазақстанда коронавирус індетімен 46 мыңнан астам маман күресіп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірлерде эпидемиолог, анестезиолог, пульмонолог, инфекционист, реаниматолог мамандар жетіспейді

Көрнекі фото: ашық дереккөзден

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында коронавирус індетімен күресте кадр тапшылығы кездесетінін айтты. Сол себепті, министрлік бұл бағыттағы жұмыстарға түлектерді де тартып жатыр. Оның ішінде, 88 анестезиолог, 7 пульмонолог, 26 инфекционист бар. Сондай-ақ ведомство кадр тапшылығын шешу үшін шаралар қабылдап, медицина университеттері бойынша 2 083 волонтер-маман тартқан. 

«Президенттің Атырау облысындағы кадр тапшылығы мәселесін шешу жайлы тапсырмасы бойынша 13 шілдеде бірқатар шара қабылданды. Бас санитар дәрігердің бақылауы бойынша өңірге тауар мен қызметті бақылау бойынша 5 маман, 6 ресейлік маман, 10 клиникалық кафедра ғалымы, 9 клининцист бағытталды. Бір апта ішінде 78 интерн-дәрігер келеді. Бұл шаралар Атырау облысын 108 жоғары білікті маманмен қамтуға мүмкіндік береді. Маңғыстау облысына 56 маман барады. 9 ресейлік маман өңірде жұмыс істеп жатыр. 42 интерн-дәрігер бір апта ішінде жетеді», - деді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы Маңғыстау, БҚО, Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкентке мамандар тобы жасақталғанын айтты.