Қазақстан Иран мен араб елдеріне келіссөз алаңын ұсынуға дайын - СІМ

Автор: Нұргүл Абай

СІМ ресми сұраныс түскен жағдайда бұл мүмкіндікті қарастыруға әзір екенін мәлімдеді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанның халықаралық жанжалдар бойынша келіссөз алаңын ұсыну тәжірибесі бар және еліміз Иран мен араб елдері арасындағы диалогты ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға дайын. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, бұған дейін Қазақстан күрделі келіссөздерге алаң ұсынған.

«Біз бұған дейін, атап айтқанда, Иран бойынша келіссөздер алаңын ұсынғанбыз. Өздеріңіз білесіздер, Алматыда осы мәселеге елеулі үлес қосқан келіссөздер өтті. Сирия бойынша елімізде сириялық билік пен оппозициялық топтар арасында 20-дан астам келіссөз раунды ұйымдастырылды. Осындай дипломатиялық қатысу әскери қақтығысты тоқтатуға және жанжалдасушы тараптарды келіссөз үстеліне отырғызуға ықпал етті», — деді Бақаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол Қазақстанның тиісті тәжірибесі мен бейтарап келіссөз алаңы ретіндегі беделі бар екенін атап өтті.

«Сондықтан бізде мұндай тәжірибе бар, ресми өтініш түскен жағдайда оны мұқият қарастырамыз. Қазіргі уақытта мұндай өтініштер түскен жоқ», — деді Бақаев.