Былтыр елдегі ақылы жолдардан 87 млрд теңге түскен: ақша қайда жұмсалды

Автор: Нұргүл Абай

Ақылы учаскелерде жол апаттарының саны да азайған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Былтыр республикадағы ақылы жолдардан 87 миллиард теңге табыс түскен. Бұл 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Өткен жылы ақылы жолдардан 87 млрд теңге кіріс түсті (2024 жылы – 48 млрд теңге). Бұл қаражат толықтай жолдарды күтіп-ұстауға бағытталды», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Үкімет отырысында.

Атап айтқанда, жиналған қаржы мына шаруаларға жұмсалған:

  • 1 мың 456 арнайы техника мен жабдықтар сатып алынды;
  • 354 мың шаршы метр жол жабынына ағымдағы жөндеу жасалды;
  • 340 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал себілді.

Бұған қоса, Иманашевтің айтуынша, ақылы жолдарда жол апатының саны да азайған.

«Ақылы жол учаскелерінде қозғалыс қарқындылығы 20%-ға артқанына қарамастан, жол-көлік оқиғаларының саны 8%-ға төмендеді. Қолайсыз ауа райы кезінде жедел шараларды қабылдау нәтижесінде эвакуацияланған азаматтар саны 3 есе қысқарды. 700 мыңнан астам автокөлікке колоннамен сүйемелдеу қызметі көрсетілді», - деді ол.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерінің бірі ретінде орташа жылдамдықты есептеу тетігі енгізілген.