Су тұтыну қатаң бақыланбақ
2026 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық аясында Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстары үшін су пайдалану лимиттері бекіді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, 2025 жылғы 4-5 желтоқсанда Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, ал 2026 жылғы 29-30 қаңтарда Алматы және Жетісу облыстарында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен биылғы вегетациялық кезеңге дайындық мәселелері бойынша кеңес өткен.
«Осы кеңестердің қорытындысы бойынша жұмыс тобы құрылып, Қызылорда облысы үшін 3,2 миллиард текше метр, Алматы облысы - 2,1 миллиард текше метр, Жетісу облысы - 1,8 миллиард текше метр, Жамбыл облысы - 1,2 миллиард текше метр, Түркістан облысы үшін 3,8 миллиард текше метр көлемінде су пайдалану лимиттерін белгілеу туралы шешім қабылданды», - деді Нұржігітов Үкімет отырысында.
Сонымен қатар, су тұтыну лимиттерін қатаң сақтау, ылғалсүйгіш дақылдардың егіс алқаптарын одан әрі қысқарту, егіс құрылымын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын өсімдік шаруашылығының негізгі элементі ретінде міндетті түрде енгізу қажеттілігі аталып өткен.
«Қалыптасып отырған су шаруашылығы жағдайын ескере отырып, Жамбыл облысы бойынша су пайдалану лимиті азайту жағына қарай қайта қаралуда және 2026 жылғы 1 наурызға дейін облыс әкімдігіне жеткізілетін болады», - деп мәлімдеді министр.