Осы жылы жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектарға жетеді
Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылға арналған егіс алқаптарының құрылымын бекітті. Оған сай бидай алқаптары қысқартылып, майлы және жоғары рентабельді дақылдар көбірек егіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
«Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп 2026 жылға егіс алқаптарының болжамды құрылымын бекітті. Бұл құрылым бидай алқаптарын қысқарту және жоғары рентабельді дақылдарды ұлғайту бойынша әртараптандыруға бағытталған. Биыл жалпы егіс алаңы шамамен 23,8 млн гектарды құрайды, бұл былтырғыдан 180 мың гектарға көп. Соның ішінде, майлы дақылдар алаңы 55 мың гектарға, азық дақылдары 242 мың гектарға, арпа 94 мың гектарға, ал ұйымдастырылған шаруашылықтарда картоп алаңы 10,3 мың гектарға көбейеді. Бұл ретте бидай алаңы 125 мың гектарға қысқартылып, 12,1 млн га құрайды», - деді ол.
Сонымен қатар, жүгеріні терең өңдейтін инвестициялық жобаларды шикізат базасымен қамтамасыз ету жұмысы жүріп жатыр.
«Осыған байланысты жүгері бойынша әртараптандыру индикаторларын қайта қарап, оның егіс алқаптарын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Биыл жүгері алқабын 265 мың гектарға жеткізу жоспарлануда, бұл өткен жылдан 90 мың гектарға көп. Осы мақсатта министрлік Қытайдың солтүстік өңірлерінде бізге ұқсас топырақ-климат жағдайында жүгері өсіретін компаниямен кездесу өткізді. Бұл компания тұқым, тыңайтқыш жеткізу және өсіру тәжірибесімен бөлісу арқылы практикалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді», - деді министр.
Оның айтуынша, қазір кәсіпорынды жүктеу мақсатында Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруаларды форвардтық қаржыландыру және кейіннен жүгеріні инвесторға өткізу мүмкіндігі пысықталып жатыр.
«Осыған байланысты әкімдіктерді жүгері өсіру бойынша халықаралық тәжірибені қабылдап, оның егіс алқаптарын кеңейту бағытындағы жұмысты жандандыруды сұраймыз», - деді Сапаров.
Бұдан басқа, республиканың оңтүстігінде күріш пен мақта сияқты суды көп қажет ететін дақылдардың алқабы қысқартылады. Мысалы, су пайдалану лимитіне сәйкес күріш алаңы 20,2 мың гектарға қысқарады. Мақта алаңы 162,4 мың гектарды құрап, оның ішінде тамшылатып суару алаңы 29,8 мың гектарға көбейеді, ал дәстүрлі суару әдістері қолданылатын алаңдар 12 мың гектарға қысқарады.
Сапаров егіс алқаптарының құрылымы ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде өнім алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.