Қазақстан Үкіметі инфляциямен күресу үшін отандық өндірісті дамытады

Автор: Нұргүл Абай

Инфляцияға себеп болып отырған базалық тауарлардың тапшылығын жоюға ерекше назар аударылады

Фото: istockphoto.com

Қазақстан Үкіметі импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету үшін қаржылық қолдаудың жаңа тетіктерін іске қосады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, «Инвестицияға тапсырыс» тетігін енгізу және «Бәйтерек» холдингін 1 трлн теңгеге дейін капиталдандыру жоспарланып отыр.

Жалпы алғанда, экономиканың нақты секторын қолдауға шамамен 8 трлн теңге бағытталады.

«Ішкі нарықты отандық тауарлармен жүйелі түрде қамтамасыз ету үшін «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бүгінде инфляциялық қысымның негізгі себептерінің бірі – тұтыну және тұтыну емес сегменттерде отандық өндірістегі бірқатар базалық тауардың тапшылығы. Біздің мақсат – ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті төмендету», — деді Жұманғарин Үкімет отырысында.

Инфляцияның негізгі себептерінің бірі саналатын базалық тауарлар тапшылығын жоюға ерекше назар аударылады. Қазіргі таңда азық-түлік секторында 12 бағыт, ал азық-түлікке жатпайтын секторда 24 бағыт айқындалған.

2030 жылға дейін «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары арқылы шамамен 100-120 млрд доллар көлемінде өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыру жоспарланған.