Шикізатты сыртқа шығарып, дайын өнімді қайта сатып аламыз: президент мұны «парадокс» деп атады

Автор: Нұргүл Абай

Мұндай тәжірибені доғару керек деді Тоқаев

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шикізатты экспорттап, дайын өнімді сырттан сатып алу тәжірибесін ашық сынап, өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беруді талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек.

«Бұл салада біраз жетістікке жеттік. Былтыр өңдеу өнеркәсібі тұрақты дамып, 6,4 пайызға өсті. Бірақ өңделген тауар экспорты 2,7 пайызға төмендеді. Бұған жалпы экспорттың 4,2 пайызға азайғаны да әсер етті. Өнеркәсіп саясатының басты кемшіліктері дәл осы тұста анық байқалды. Бұл салада шикізат өндірушілердің үлесі әлі де басым. Бірақ бұл оларға кедергі жасауға болады деген сөз емес, керісінше, оларға көмегімізді әлдеқайда күшейтуіміз қажет», - деп мәлімдеді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президент өңдеу өнеркәсібіне баса назар аудару керек деп санайды. Айтуынша, өдеу өнеркәсібіндегі өнімнің 40 пайыздан астамы металлургияға тиесілі. Ал металлургия секторында экспортқа шығарылатын тауардың жартысынан көбі – төмен деңгейде өңделген өнімдер.

«Соның салдарынан, шикізатты сыртқа шығарамыз да, одан жасалған дайын өнімді басқа елдерден сатып аламыз. Парадокс. Мұндай тәжірибені доғару керек», - деп атап өтті Тоқаев.

Айтуынша, шикізат экспорттағаннан гөрі, одан дайын өнім өндіріп, сыртқа шығару әлдеқайда пайдалы. Әрине, бұл оңай міндет емес. Бірақ үлгілі кәсіпорындар бар, мысалы, Qarmet. Қанша қиындыққа тап болса да, ондағы өндірістік және әлеуметтік процестерде оң өзгерістер орын алып жатыр дейді президент.

«Бұл мәселеде «артық қылам деп, тыртық қылуға да» болмайды. Өңдеу саласын дамытамыз деп, шикізат өндіру ісіне зиян келтірмеу жағын ойлау керек. Үкіметтің саясаты ақылға қонымды, байыпты болуға тиіс», - деп түйіндеді ойын мемлекет басшысы.