Министрлік КВИ жұқтырғандарды емдеп жатқан стационарларға жаңа талап қойды
Денсаулық сақтау министрі қолдан жасалған тыныс алу аппаратының қауіпті екенін ескертті
Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Қазақстандағы ауруханалардың бірінде түсірілген жантүршігерлік видео тарады. Видеода ер адам бес литрлік пластик бөтелкедегі ақ сұйықтықтан дем алып жатты. Бүгін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен оның орынбасары осы жағдайға байланысты пікір білдіріп, «Бұл Қазақстан дәрігерлерінің қолдан жасаған аппараты ма?» деген сұраққа жауап берді.
«Меніңше, бұл Бобров аппараты. Шынын айтқанда, ол дәл осылай (видеодағыдай) жасалады. Бұл оттегіні ылғалдандыру үшін, медицинада ол оксигенотерапия деп аталады. Біз жағдайы жеңіл, сатурациясы төмендеген науқастарға оттегіні көптеп жеткізу үшін оттегі баллоны арқылы «Бобров» аппаратымен жібереміз. Осылайша, оттегі ылғалданады. Менің ойымша, видеодағы аппарат осы, ал халық оны қолдан жасалған өкпені жасанды тыныс алдыру аппараты деп ойлап қалды», - дейді денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызы.
Ғиниятқызы нақтылап өткендей, қазір Қазақстанда коронавирус инфекциясын емдейтін ауруханалардың іші 30% осындай аппаратпен жабдықталуға міндеттеліп отыр.
«Бірақ, қазір КВИ жұқтырғандарды емдеп жатқан станционарлардың барлығына мынандай талап қойып отырмыз: аурухананың 50% оттегі жеткізу аппаратымен, 15% өкпені жасанды желдету аппаратымен, ал, 30% осындай «Бобров» аппараты немесе оттегі концентраторымен қамтылуы керек. Бұл аурудың (коронавирус – авт.) асқынған түрі, көздеріңіз жеткендей, адамға ауа жетпей қалады, оны болдырмауға тырысу керек», - дейді Ажар Ғиниятқызы.
Бұл сұрақтың жауабын толықтырған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халыққа қолдан жасалған тыныс алу аппараттарын пайдалануға сақтық керегін айтты. Өйткені, өкпедегі сұйықтыққа қайшы әрекет болса, адамның жағдайы күрт нашарлап кетуі мүмкін.
«Әлеуметтік желіден көріп жүрміз, азаматтар тыныс алу аппараттарын өз қолымен жасап, тыныс алу жолын кеңейтіп, ауа жеткізбекші. Бірақ, абайлаған жөн. Адамның өкпесінде сұйықтық вирус немесе бактерия ретінде болады, ал, қолдан жасалған аппарат ауруды асқындырып жібереді», - деді Цой.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан