Қазақстанда борышкерлерге шетелге шығуға тыйым салынатыны туралы алдын ала ескертіледі

Автор: Azattyq Rýhy

Бұдан былай шетел аса алмайтын борышкерлерді 5 жұмыс күні ішінде алдын ала хабардар етеді

фото: travel.rambler.ru

Бұрын борышкерлер тыйым туралы тек ұшатын кезде ғана біліп, оларды рейстерден түсіріп алатын болса, енді оларды 5 жұмыс күні ішінде алдын ала хабардар ететін болады, деп хабарлайды ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

Ағымдағы жылдың 27 маусымында Қазақстан Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Аталған заңмен Атқарушылық іс жүргізу туралы заңның нормасына елден шығуға тыйым салу бойынша жаңа жеңілдетілген шектеу шаралары енгізілді.

«Заң нормасымен берешек шегі ұлғайтылды, одан асып кеткен кезде елден шығуға уақытша шектеу қолданылады. Бұған дейін елден шығуға тыйым салу 20 айлық есептік көрсеткіштен артық қарыз болған жағдайда қолданылса, енді бұл шек 40 АЕК-ке дейін көтерілді. Бұдан басқа, сот орындаушысының өз қалауы бойынша әрекет ету өкілеттігін қысқарту мақсатында елден шығуға тыйым салу алдында бес жұмыс күні бұрын борышкерге хабарлау туралы норма енгізілді. Яғни, бұрын борышкерлер тыйым туралы тек ұшатын кезде біліп, оларды рейстерден түсіріп алатын болса, енді алдын ала хабардар етілетін болады», - делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ елден шығуға уақытша шектеу қою мерзімдері, тәртібі мен негіздері, оның ішінде оның күшін жою мерзімдері мен негіздері қайта қаралды. Енді сот орындаушы шектеулерді үш жұмыс күні ішінде емес, бір күн ішінде күшін жояды.

Заң 2020 жылғы 8 маусымда күшіне енді.