Мектептерде көмек кабинеті ашылып, психолог сағаты енеді: Үкімет «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын бекітті

Автор: Нұргүл Абай

Құжатта балалардың негізгі құқықтары қамтылған

Фото: istockphoto.com

Үкімет балалардың құқықтарын қорғау бағытында жоспарланған іс-шараларды қамтитын 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын бекітті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, тұжырымдама төрт бағыттан тұрады: балалардың қауіпсіздігі, білім алу құқығы, денсаулық сақтау саласындағы құқықтары, сондай-ақ отбасы және әлеуметтік қорғау мәселелері.

«Тұжырымдама аясында мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға 40 көмек кабинетін ашу жоспарланды. Заң бұзу фактілерінің алдын алу және психологиялық көмек көрсету бойынша барлық шара – әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруінің негізі», - деді Сүлейменова Үкімет отырысында.

Педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтерге қойылатын талаптар күшейтіліп, жыл сайын олардың біліктілігін арттыру жоспарланып отыр.

«Қазіргі таңда 4 өңірде (Астана қаласы, Ақмола, Ақтөбе, БҚО облыстары)  балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды, қалған өңірлерде осы жылдың наурыз айына дейін ашылады деп күтілуде. Облыс әкімдері, осы ретте жұмысты уақытылы аяқтауға көңіл бөлулеріңізді сұраймын», - деді министр.

Тұжырымдама аясында балалардың жолдағы қауіпсіздігі және тасымалын арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асады. Судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу, соның ішінде жабдықталған және қауіпсіз шомылу орындарының санын көбейту, балаларды жүзу дағдылары мен суда қауіпсіз мінез-құлыққа үйрету қарастырылған.

Балаларды ерте дамыту бойынша мұғалімдердің біліктілігі арттырылады және олардың оқу бағдарламалары жаңартылады.

«Тұжырымдаманың басым бағыттарының бірі – инклюзивті білімді сапалы ұйымдастыру. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін кешенді шаралар қарастырылған, оның ішінде психолого-медико-педагогикалық консультациялар желісін кеңейту, коррекциялық қолдау кабинеттері мен аутизм орталықтарын дамыту, сондай-ақ білім ұйымдарында балаларды жүйелі түрде сүйемелдеуді енгізу көзделген. Осы шаралар денсаулығына байланысты үйде оқитын оқушылардың санын біртіндеп азайтуға және олардың оқу-тәрбие процесіне толық қатысуға мүмкіндік береді», - деді министр.

Сонымен қатар, Сүлейменованың айтуынша, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін арнайы ұйымдардың қызметін лицензиялау жоспарда бар. Ал жазғы лагерьлердің қызметін лицензиялау 2026 жылғы 1 сәуірден, ал мектепке дейінгі мекемелер 2027 жылға жоспарланған.

Үкімет мүшелері «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын бекіту туралы қаулыға қолдап дауыс берді.