Су министрлігі ең пессимистік сценарий ұсынды
Алдағы вегетациялық кезеңде Қазақстанның оңтүстігінде шаруалар судан тапшылық көруі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, сарапшылар алдағы вегетациялық кезеңде Оңтүстік Қазақстан өзен бассейндерінде су ағыны қысқарады деп болжап отыр.
«Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында көрші мемлекеттер аумағында орналасқан су қоймаларының қазіргі толуы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,2 млрд текше метрге төмен. Оңтүстік өңірдегі су қоймаларының толуы өткен жылмен салыстырғанда 1,9 млрд текше метрге аз. Бұл күз-қыс маусымында жауын-шашынның азаюы, мұздықтардың аз еруі және климаттың өзгеруімен байланысты объективті шындық. Бұл факторлар ұзақ мерзімді сипатқа ие және одан жүйелі бейімделуді талап етеді», - деді Нұржігітов Үкімет отырысында.
Осыған байланысты су ресурстары министрлігі 2026 жылғы суару маусымына дайындықты бастап кеткен. Суару каналдары мен гидротехникалық құрылыстарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Өңірлерде фермерлермен кездесу өтіп, су үнемдеу қажеттілігі және ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу мәселелері түсіндірілуде.
«Мұнымен қоса министрлік 2026 жылғы ақпанда су келуінің ең пессимистік сценарийін ескере отырып, су тұтынудың нақтыланған лимиттерін әзірлейді. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылғы наурыз айында егістік құрылымын түзетеді», - деп атап өтті министр.
Бұдан бөлек, Бас прокуратурамен бірге су ресурстарын заңсыз пайдалануға қарсы күрес бойынша іс-шаралар жоспары әзірленген. Оны жүзеге асыру үшін республикалық ведомствоаралық жұмыс тобы құрылады.