Қазақстанның жерасты сулары жеткілікті зерттелмеген – министр
Қазір бекітілген қордың небәрі 7-10 пайызы ғана пайдаланылып жатыр
Су ресурстары және ирригация министрлігі жерасты суларын кешенді пайдаланудың тұжырымдамасын әзірлейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министр Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, елімізде 4 мыңнан астам жерасты су көздері барланған, олардың бекітілген пайдалану қоры жылына 15,7 миллиард текше метр шамасында. Алайда бүгінгі күні бекітілген қордың бар болғаны 7-10 пайызы ғана пайдаланылуда.
«Жерасты сулары жеткілікті зерттелмеген, қорлардың едәуір бөлігі барланбаған күйде қалып отыр, ал олардың нақты әлеуетін айқындау үшін қосымша ауқымды зерттеулер мен бағалау жүргізу қажет. Осыған байланысты біз жерасты суларын кешенді пайдаланудың тұжырымдамасын әзірлеуді бастаймыз», - деді ол Үкімет отырысында.
Тұжырымдама жерасты суларын игерудің тиімділігін едәуір арттыруға, халықты және экономика салаларын ұтымды әрі тұрақты сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің су қорын сақтауға және дамытуға ықпал етеді, деп атап өтті министр.