Қазақстанда шағын және микробизнес кәсіпкерлері үшін «Іскер аймақ» бағдарламасы басталады

Автор: Нұргүл Абай

Мемлекет несиенің 40 пайызын субсидиялайды

Фото: istockphoto.com

Қазақстан үкіметі шағын және микробизнесті қолдауға арналған «Іскер аймақ» бағдарламасын іске қосады. Бағдарлама аясында банктер арқылы жыл сайын 400 млрд теңге несие бөлу қарастырылған. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, Үкімет қазір салық өзгерістері, тарифтер, логистика, күрделі халықаралық жағдай, доллар бағамы сияқты факторлар ең алдымен шағын және орта кәсіпкерлерге қосымша салмақ салып жатқанын түсініп отыр. Сондықтан президенттің тапсырмасымен шағын және микробизнесті қолдауға арналған «Іскер аймақ» бағдарламасын әзірлеген. Бағдарламаның негізгі мақсаты — ауылдарда, шағын қалаларда кәсіп ашуға және оны дамытуға көмектесу. Бағдарлама «AMANAT» партиясымен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп дайындалған.

Бағдарлама аясында тез іске асатын, халыққа қажет, нақты табыс әкелетін: ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, наубайхана, сүт және ет өнімдері, тамақ өндірісі, жиһаз цехтары, ағаш өңдеу, құрылыс материалдары, қолөнер, шағын өндірістерге басымдық берілген.

«Бағдарламада өңірлік экономиканың құрылымын көрсететін субсидиялау лимиттерінің екі деңгейлі жүйесі көзделеді. Бірінші деңгей – Абай, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары үшін бюджеттің 30%-ына дейін субсидия бөлу. Екінші деңгей – қалған өңірлерге субсидиялар бюджетінің 70%-ына дейін бөлу. Екі деңгей бойынша қаржыландырудың қолжетімділігі кредиттің бүкіл мерзіміне негізгі борыш сомасының 80%-ына дейін «Даму» қорының кепілдіктерін беруді қоса алғанда, субсидиялау және кепілдік беру тетіктерінің үйлесімімен қамтамасыз етіледі», - деді Жұманғарин Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, бағдарлама өзара байланысты үш бағыт бойынша іске асады. Біріншісі – қаржылай қолдау.

Бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктер арқылы жылына шамамен 400 млрд теңге несие бөлу қарастырылған.

«2026 жылға арналған субсидиялауға жылдық қажеттілік шамамен 24 млрд теңгені құрайды, бұл ретте бірінші жылы 5 мыңнан астам жобаны қолдау күтілуде. Бағдарлама микро- және шағын кәсіпкерлік субъектілері қатысады. Бір жобаға кредиттің ең көп сомасы – 200 млн теңгеге дейін.  Субсидиялау – номиналды мөлшерлеменің 40%-ы. Субсидиялау мерзімі – ұзартусыз 3 жылға дейін», - деп түсіндірді вице-премьер.

Ал кәсіпкерлерді қаржылық емес қолдау шараларына онлайн оқыту, кеңес беру, құжат рәсімдеуге көмек кіреді. Сонымен қатар оларға инфрақұрылымдық қолдау көрсетіледі: жер мен ғимаратты жеңілдікпен жалға беру.

Үкіметтің болжамынша, бағдарламаны 2026-2028 жылдары іске асыру:

  • 23 мыңға жуық жобаны қолдауға;
  • 1,2 трлн теңге кредит беруді қамтамасыз етуге;
  • шамамен 127 млрд теңгеге бюджеттік қолдауға мүмкіндік береді.

Мультипликативті әсері:

  • салық түсімдері – 157 млрд теңге;
  • өнім шығару – шамамен 1,4 трлн теңге;
  • шамамен 7 мың жаңа жұмыс орнын ашу және шамамен 136 мың жұмыс орнын сақтап қалу.