Тоқаев Қазақстанның етін ұшақ арқылы тасымалдау ісін жөнге қоюды тапсырды

Автор: Бақыт Шынар

Бүгін Астанада Ауыл шаруашылығы форумы өтті

Фото: istockphoto.com

Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа тұрақты әрі тиімді жеткізу үшін әуе тасымалдау әлеуетін белсенді пайдалануды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорда жазғандай, мемлекет басшысы әлемде мал етіне сұраныс алдағы он жылда 233 миллион тоннаға дейін өсуі мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан ет экспортында, әсіресе қой етін жеткізуде, Азия нарығы үшін маңызды ойыншыға айнала алады. Қазір бұл бағытта еліміз Моңғолия, Нидерланд, Испания және Франциядан кейінгі орында тұр.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда жайылымдық жер жеткілікті болғандықтан, қой шаруашылығының экспорттық әлеуетін толық ашу үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Осы мақсатта Жолдау аясында аграрлық экспортты дамыту жоспарын әзірлеу тапсырылған. Құжат логистиканы, ветеринариялық және фитосанитариялық стандарттарды, сондай-ақ тиімді маркетингтік стратегияны қамтуы қажет.

Мемлекет басшысы Парсы шығанағына ет тасымалдауға қызығушылық жоғары екенін, алайда Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін әуе көлігімен жеткізу жүйесі әлі дұрыс жолға қойылмағанын айтты. Көп жағдайда жүк тасымалдауды кәсіпкерлердің өздері ұйымдастыруына тура келеді. Тұрақты рейстермен Әмірліктерге ет жіберу басталғаны хабарланғанымен, Президент бұл тәсілді ұзақмерзімді тиімді шешім деп санамайтынын жеткізді.

Сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды және Ақтау әуежайлары логистикасы дамыған, халықаралық әуе бағыттарымен байланысты өңірлік хабқа айнала алатыны атап өтілді. Арнайы экономикалық аймақтар аясында мұндай әуежайларға бірқатар артықшылық берілген. Президенттің пікірінше, оларды толық қуатында пайдалану ауыл шаруашылығы өнімдерін үздіксіз экспорттауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Үкіметке бұл мәселелерді жан-жақты пысықтауды тапсырды.