«2045 жылға дейін созбайды»: мемлекет көмектескен банктер ақшаны қашан қайтаратыны белгілі болды

Автор: Нұргүл Абай

Мемлекеттің ақшасын әлі төрт банк қайтармаған

Фото: istockphoto.com

2017 жылы мемлекеттен ақшалай көмек алған банктер қарыздарын мерзімінен бұрын қайтарады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев биыл президент банк иелерінен 2017 жылы қарыз секторын қолдау бағдарламасы арқылы алған ақшаны мерзімінен бұрын қайтаруды талап еткенін еске салды.

«Бүгінгі таңда Halyk Bank, ForteBank және Банк ЦентрКредит қана қаражатын мемлекетке толығымен қайтарған екен. Ал Bank RBK 244 млрд теңгенің тек қана 48 млрд теңгесін мерзімінен бұрын қайтарған, тағы 196 млрд теңге қарызы бар. Еуразиялық банк 150 млрд теңге алған, соның 48 млрд теңгесін қайтарып берген. Қалғанын 2032 жылға қарай өтеуді жоспарлап отыр. NurBank 47 млрд теңге алды, Jusan Bank (қазіргі Alatau City Bank) шамамен 1 трлн теңге алды, оның 100 млрд теңгесін ғана қайтарды. Қазір 860 млрд теңге 2045 жылға дейін 0,1 пайызбен қайтаруға жатады. Яғни 1 трлн теңге отыз жылға жуық уақытқа беріліпті әрі тегін. Менің ойымша, бұл жағдай нарыққа сай емес және мемлекет үшін өте тиімсіз», - деп санайды Ергешбаев.

Депутат осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен банктердің мемлекеттің ақшасын қайтару мерзімі қайта қарала ма және пайыздық мөлшерлеме шарттары өзгертіле ме деп сұрады.

Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, қарызын толық қайтармаған әлі төрт банк бар.

«Олар берешегін мерзімінен бұрын қайтару шараларын қабылдап жатыр. Біз Ұлттық банкпен бірге оны бақылауда ұстаймыз. Олар қарызды 2045 жылға дейін ұстамайды, мерзімінен бұрын бәрін қайтарады», - деп сендірді Әбілқасымова.