Қазақстанда қаржы омбудсменінің бірыңғай офисі құрылады

Автор: Нұргүл Абай

Қаржы ұйымдары омбудсменінің шешімін орындауға міндеттеледі

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда банк, сақтандыру және микроқаржылық қызметтер бойынша қаржы омбудсменінің бірыңғай офисі құрылады. Тиісті норма «Қазақстандағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасында көзделген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұрын әр салада (банк, сақтандыру, микрокредит) өз омбудсмені болса, енді бір ортақ омбудсмен офисі құрылады. Оның шешімдерін барлық қаржы ұйымы міндетті түрде орындауы керек.

«Заң жобасында банк, сақтандыру және микроқаржылық қызметтер бойынша қаржы омбудсменінің бірыңғай офисін құру көзделеді. Омбудсменінің шешімдерін қаржы ұйымдары орындауға міндетті», - дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, бұл азаматтардың шағымын әділ, біркелкі және тәуелсіз түрде қарауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тұтынушылардың құқығын тиімді қорғау үшін дауларды сотқа дейін реттеудің үш деңгейлі жүйесі енгізілмек. Шағымды бастапқыда қаржы ұйымдары қарайды, одан кейін қаржы омбудсменіне және агенттікке жүгінеді.

Бұдан басқа, заң жобасында тыйым салынған практикалардың тізбесі бекітілді. Дәлірек айтқанда, қызметті мәжбүрлеп ұсыну, нағыз құнын жасыру және жалған немесе шатастыратын ақпарат тарату.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне тұтынушының мүддесіне зиян келтіруі мүмкін өнімдерді сатуды тоқтату бойынша өкілеттіктер беріледі.