Әмбебап банктер ислам банкингі қызметін көрсете алады
Қазақстанда әмбебап банктерге бөлек лицензия алмай-ақ исламдық банк операцияларын жүргізу құқығын беру көзделіп отыр. Тиісті норма «Қазақстандағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасында ұсынылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, елімізде ислам банкингі дамытылады. Бұрын ислам банкін ашу үшін жеке банк құру қажет еді. Енді заң жобасы бойынша қазір жұмыс істеп тұрған әмбебап банктердің өздері де исламдық банкинг қызметін көрсете алады. Яғни, бір банктің ішінде арнайы «исламдық бөлімше» ашуға рұқсат беріледі.
«Қаржыландырудың балама тетіктерін дамыту үшін әмбебап банктерге қолда бар лицензия аясында исламдық банк операцияларын жүзеге асыру құқығын беру көзделеді. Бұл нормалар банктерге жеке банк құрмай, өз құрылымында арнайы бөлімшелер құру арқылы ислам өнімдерін ұсынуға мүмкіндік береді», - деді Әбілқасымова Мәжілістің жалпы отырысында.
Мұндай бөлімшелерде бухгалтерлік есеп бөлек жүргізіледі, жеке қызметкерлер жұмыс істейді, барлық өнім мен қызметті шариғат кеңесі тексеріп, бекітеді, арнайы аудит жүргізіледі, яғни бәрін шариғат талаптарына сай келтіру мәселесі бақыланады.