Қазақстанда ең арзан жұмыртқа қай қалада?

Автор: Azattyq Rýhy

Бір ай ішінде жұмыртқа бағасы 20 теңгеге дейін қымбаттаған

Статистика комитеті 20 қыркүйек пен 21 қазан аралығында жұмыртқа бағасы айтарлықтай өскенін хабарлайды. Комитет берген дерекке сүйенсек, соңғы бір ай ішінде 17 өңір бойынша тек Талдықорған мен Петропавл қаласында ғана жұмыртқа бағасы өспеген. Ал, мегаполистер мен басқа облыс орталықтарындағы (Семейді қоса алғанда - редакция) 10 жұмыртқаның орташа бағасы 263 теңгеден 271 теңгеге дейін өскен.

Ең үлкен өсім Ақтөбе қаласында тіркелген (232-253 тг), одан кейінгі орында Ақтау қаласы (287-303 тг). Алматы мен Павлодар қалаларында соңғы бір ай ішінде жұмыртқа (10 дана) құны 12 теңгеге дейін өскен.

Ең арзан баға СҚО-да екен. Петропавл қаласында 10 жұмыртқаның бағасы бар болғаны 195 теңге. Себебі, 2018 жылы СҚО-да жұмыртқа экспорты 74 пайызға артып, өңірде құс шаруашылығы тұрақты қарқынмен дамып келеді. Республика бойынша жұмыртқаның 14 пайызы СҚО-да өндіріледі. 2018 жылы солтүстікте 809 млн дана жұмыртқа өндірілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп. Бұл туралы жыл басында СҚО басшысы Құмар Ақсақалов мәлімдеген болатын.

Құс шаруашылығы дамыған облыстардың қатарында Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды өңірлері де бар. Алайда, бұл аймақтардағы жұмыртқа бағасы СҚО-мен салыстырғанда қымбат.