3,6 трлн теңгеге бағаланатын активтерді сатып алған Қазақстан проблемалық кредиттер қоры биыл жыл басынан бері ұлттық қазынаға 5 млрд. теңге ғана аударған
Елде басына қара бұлт үйірілген ірі банктердің миллиардтармен өлшенетін активтерін сатып алған Қазақстан проблемалық кредиттер қоры жақында тағы 222 мүлікті сатылымға шығарды. Оның ішінде 120 жер телімі мен 100-ден астам жылжымайтын мүлік саудаға қойылған. Екінші деңгейлі банктерде кепілдікте болған дүниеге тұтынушылар тарапынан қызығушылық бар ма? Активтер сатылған соң, одан түскен қаражат елдің экономикалық айналымына жіберіліп жатыр ма? «Azattyq Rýhy» тілшісі Алматы мен Нұр-Сұлтанда нақты қандай ғимараттардың сатылмай тұрғанын білуге тырысты.
БТА банкінің активтері қайда?
Осыдан үш жыл бұрын лицензиядан айырылған БТА Банкінің негізгі үлесін «Казкоммерцбанк» пен «Самұрық-Қазына» қоры теңдей бөліп алған еді. Ал оның проблемалық активтері 2012 жылы құрылған Қазақстан проблемалық кредиттер қорына өтті. Проблемалық кредиттер қоры 2017 жылы БТА банктің 2,6 трлн теңгеге бағаланған кепілдік дүние-мүлкін құқық ету талабымен және балансқа толықтай алу түрінде өздеріне аударып алды.
«Қор 2012 жылы 300 млн теңгеге пилоттық жоба ретінде проблемалық активтерді сатып алып жұмыс жүргізгенімен, негізгі процестер БТА Банкі мен «Цесна банк» қарыздарын алған соң басталды. Қарыздарды реструктизация жасау, қайта бағалау мен оларды түгендеу және нысандарды күзетпен қамтамасыз етуге 2 жыл уақыт кетті. ПКҚ биыл ақпан айында ғана БТА Банктен келген мүліктерді саудаға шығара бастады. Осы күнге дейін саудаға шығарылған активтерден 5 млрд. теңге қаражат түсті», - делінген қордың жауабында.
«Цесна банк» 1 триллионның мүлкін тапсырған
Ал 2018 жылдың соңы мен 2019 жылдың басында қор «Цесна банктің» 1 трлн (450 млрд - 604 млрд) теңгелік активтерін өз басқаруына алған еді.
Айта кетейік, Әділбек Жақсыбеков пен оның туыстары «Цесна банктегі» негізгі акцияларын «First Heartland Securities» акционерлік қоғамына сатқан соң, ел назарына ілікпейтін болды. Ашық дерек көздерінде банктің қанша қаражатқа сатылғаны туралы ресми дерек жоқ. Бірақ Қазақстан проблемалық кредиттер қоры Жақсыбековтің банкінен 1 трлн теңге проблемалық активтерді қабылдап алғандарын ресми түрде растады.
«Негізінен кепілге қойылған дүние-мүлік пен талап ету құқығымен өткен активтерді түгендеу жүріп жатыр»,- дейді қор өкілдері.
Жабылып қалған банктерден қалған мұраның жалпы саны 1,5 мыңнан асады. Қымбат жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын агенттіктер, ірі коммерциялық ұйымдар, жер телімдерін саудалайтын компания мен лизингтік қаржыландырумен айналысатын кәсіпорындар талап ету құқығы бойынша қордың бақылауына өткен. Одан тыс А-сыныпты бизнес орталықтар, жер телімдері, пәтерлер, автокөліктер, мультимедиялық кешендер мен ауылшаруашылық техникалары аукцион арқылы саудаланатын болады. Мұндай дүние-мүлік еліміздің барлық қалаларында кездеседі.
Қор қыркүйекте саудаға шығарған нысандар саны
Сатылатын мүлік Қазақстанның барлық аймақтарында, яғни қалалармен қатар ауыл аймақтарында орналасқан. Саудаға қойылған нысанның көбі Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Банктерге кепілге қойылып, кредит алған Талғар ауданында – 91 жер телімі, ал Қапшағай аймағында 5 – жер телімі саудаға шықты.
Орналасқан аймағы және мүлік түрлері мен сатылатын нысандар бойынша толық ақпарат қордың сайтында берілген. Таңдалған мүлік бойынша сауда-саттыққа қатысуға өтінім беріп, кепілдік жарна салу керек. Әдетте, бірінші сауда-саттықта мүлік объектісінің бағасын көтеру әдісі, келесі сауда-саттықтарында бағаны төмендету әдісі қолданылады.
Аукционға шығарылған элиталық активтер
Проблемалық кредиттер қорының негізгі активтері Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Банктерге кепілдікке қойылып, қаржы алған тұлғалардан қалған жүздеген жер телімі, А-сыныпты бизнес орталықтар, элиталық пәтерлер қаланың қымбат аудандарында орналасқан.
Фото. Жер телімі. Әл-Фараби-Назарбаев даңғылы. 30 қазан 2019 ж
Алматыда БТА банктің мүлкі ретінде саудалануы мүмкін нысандардың бірі әл-Фараби даңғылы мен Желтоқсан көшелерінің қилысында орналасқан. «АФД-Плаза» тұрғын үй кешені қаладағы ең қымбат баспаналар санатына жатады. Кешеннің астыңғы қабатындағы сауда алаңдарының көлемі де қомақты. Бірнеше мың шаршы метрді алып жатқан коммерциялық алаң соңғы он жылда қаңырап бос тұр. Проблемалық кредиттер қорының иелігіне өткен коммерциялық мүлік нарықтық бағамен саудаланбақшы.
Қаладағы әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында орналасқан қос мұнаралы мына кешен де соңғы 10 жылда іске алғысыз боп тұр. Қаланың ең көрікті әрі қымбат ауданында орналасқан алып ғимараттардың терезелері сынып, аумағын шөп басқан. Бұл да проблемалық кредиттер қорына жоғарыдағы коммерциялық банктердің бірінен берілген.
Осы сияқты А-сыныпты коммерциялық жалға беру алаңдары Достық даңғылы 160 мекен жайында және Төле би мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында тұр. Бизнес орталықтардың ғимараттары да қордың балансында екені белгілі болды.
Нұр-Сұлтандағы Министрлер үйінің маңындағы танымал алтын түстес қос мұнара да кезінде БТА банкке қомақты қаржыға кепілдікке қойылған. «Алтын орда» бизнес орталығы деп аталатын жоғары санатты бұл жылжымайтын мүлік те алдағы жылы жаңа иесін табуы мүмкін.
Проблемалық кредиттер қорына талап ету құқығына сәйкес өткен тағы бір нысан - Шымбұлақ тау шаңғы кешені. Кешеннің бұрынғы иелері курорт аймағындағы жер телімдерін банкке кепілдікке қойған. Проблемалық кредиттер қорының өкілдері тау-шаңғы курортының аумағындағы жер теліміне қатысты мәселе қалалық әкімдік немесе үкімет деңгейінде қарастырылатын болады деп мәлімдеді.
Қазақстан проблемалық кредиттер қоры жоғарыдағы банктерден алынған мүліктердің 84 пайызы жұмыс істемейтін активтер санатында екенін айтады. Қор балансындағы ең қымбат мүлік Алматы қаласында көп қабатты тұрғын үй кешенін салуға арналған жер телімі. Оның аумағы - 13,1357 га. Ал ең арзан мүлік мультимедиялық автомобиль кешені. Ол қазір Петропавл қаласында тұр.
Қордың міндеті не?
Проблемалық кредиттер қоры 2012 жылы жұмыс істемейтін активтерді сатып алу арқылы екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсарту, сауықтыру және сату арқылы сатып алынған активтерді экономикалық айналымға таратумен айналысу үшін құрылған болатын.
«Қордың міндеті – сатып алынған активтерді экономикалық айналымға қайтару. Осыған байланысты, Қор мен оның еншілес ұйымдары мүлікті сату процесінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ететін шаралар кешенін даярлады. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында қор 222 мүлік объектісін сатылымға шығаруда, оның 125-і – жер телімдері, 62-і – коммерциялық және 35-і – жылжымайтын тұрғын-жай мүлік объектісі. Қордың сатылатын жер телімдерін, жылжымайтын тұрғын-жай және коммерциялық жылжымайтын мүлік обьектілерін заңды тұлғалармен қатар еліміздің азаматтары да сатып ала алады»,- делінген қордың жауабында.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы