Қазақстан мұнай өндірісін қысқартуды жалғастырады

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 2020 жылдың екінші жартысында да жалғасады

ҚР Үкіметі «Экспорттық көлемдерге пропорционалды орта, ірі және алып кен орындары үшін жер қойнауы учаскелерін пайдалануға уақытша шектеулер енгізу туралы» қаулы қабылдады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

«Қабылданған тәсіл ҚР ішкі нарығының мұнай өнімдерінің қажетті көлеміне деген қажеттілігін, сондай-ақ өндірудің табиғи төмендеуі кезеңіндегі ірі жобалар мен ескі кен орындары үшін мұнай өндіруді азайту жөніндегі міндеттемелерді әділ бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қабылданып жатқан шаралар қазақстандық кен орындарының апаттық тоқтау қауіптерін қысқартуға және қазақстандық мұнай экспортынан келетін ақша қаражатының тұрақты түсуін қамтамасыз етуге жол ашады», - делінген хабарламада.

Қазақстанда және басқа елдерде мұнайды қысқарту бойынша бұған дейін қабылданған шаралардың арқасында мұнай бағасының динамикасында оң үрдіс (23.06.2020 жылғы жағдай бойынша Brent маркасының бағасы 42,23 долл/барр құрады) және мұнай нарығындағы теңгерімсіздіктің азаюы байқалады.