Елімізде жүк тасымалы он пайызға артып, 3,7 млрд теңге кіріс кірді

Автор: Алмас Ерсін

Көлік түрлері бойынша ең үлкен жүк тасымалы теміржол көлігіне тиесілі

Фото: БДҚА

2025 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Қазақстанда жүк тасымалының көлемі 753 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8% артты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Барлық көлік түрі арқылы жүк пен багаж тасымалдаудан түскен кіріс 3,7 млрд теңгені құрады.

«Өңірлік тұрғыда 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында жүк айналымының өсімі Астана  (15,2%) мен Алматы қалаларында (1,5%), Атырау (47,8%), сондай-ақ Жетісу (41,1%) және Абай (30%) облыстарында байқалды», - деп жазылған хабарламада.

Көлік түрлері бойынша ең үлкен жүк тасымалы теміржол көлігіне тиесілі - 300,3 млн тонна, бұл 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда 11,4% көп.

Автомобиль көлігімен тасымал көлемі де 1,8% өсті. Қомақты өсім құбыр арқылы тасымалдауда да байқалды - 228,1 млн тонна, бұл өткен жылдың деңгейінен 16,5% жоғары.

Әуе көлігі арқылы 19,1 мың тонна жүк тасымалданды, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5% артық. Теңіз және жағалау көлігі де өсім көрсетті - 30,6%, 2025 жылдың 8 айында 2 485,5 мың тонна жүк тасымалданды.