Жасанды интеллект туралы заңның мақсаты – жаңа технологияны қауіпсіз әрі тиімді пайдалануға жағдай жасау

Автор: Нұргүл Абай

Жұмыс орындары жаппай қысқарады деп алаңдауға негіз жоқ дейді депутат

Фото: parlam.kz

Президент биылғы жолдауында жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына енгізу қажеттігін атап өтіп, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Парламент Мәжілісінде депутаттардың бастамасымен «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленді. Ол Мәжілістің алдағы жалпы отырысында екінші оқылымда қаралады. Айта кетері, жасанды интеллект туралы заңды Қазақстан алғашқылардың бірі болып қарастыруда. Осыған байланысты Azattyq Rýhy Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильяновпен сұхбаттасып, жасанды интеллектінің ел дамуына қосар үлесі мен алдағы заң жобасының негізгі нормаларын талқылады.

 «Бұл заң шектеу емес»

Депутат Нұртай Сабильяновтың айтуынша, құжаттың түпкі мақсаты – жасанды интеллектіге шектеу қою емес, керісінше жаңа технологияны қауіпсіз әрі тиімді пайдалануға жағдай жасау.

«Заң жобасының басты мақсаты – жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу, құқықтық негіз қалыптастыру, ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай заң болмаған, сондықтан бұл қабылданғалы отырған алғашқы құжат. Заң жобасы жеті тараудан, жиырма сегіз баптан тұрады. Бұл заң шектеу емес, керісінше қоғамда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі ашық пайдалануды көздейді. Сонымен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғау, мемлекеттік құпияны сақтау нормалары қарастырылған. Бұған қоса мемлекеттік органдар үшін жасанды интеллектіні пайдалану тәртібі айқындалған. Үкімет жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізіп, негізгі бағыттарды белгілейді, ал мемлекеттік органдар үйлестіру жұмыстарын атқарады», - дейді мәжілісмен.

Ұлттық жасанды интеллект платформасы

Заң жобасындағы жаңашылдықтардың бірі – ұлттық жасанды интеллект платформасын құру.

«Ұлттық платформа – жасанды интеллект өнімдерін жасауға және пайдалануға арналған бірыңғай жүйе. Ол деректерді жинау, өңдеу, сақтау және таратуға арналған бірыңғай технологиялық орталық болады. Оған мемлекеттік органдар, жеке компаниялар, стартаптар өз деректерін жүктей алады. Бұл платформа ChatGPT секілді жұмыс істейді, бірақ ұлттық деректер базасына негізделеді. Платформада ақпарат көздеріне сілтеме жасалып отырады. Бұл жалған ақпараттың таралуына жол бермеуге көмектеседі. Егер жасанды интеллект адам денсаулығына, қауіпсіздігіне зиян келтіретін немесе жалған ақпарат тарататын болса, жауапкершілік қарастырылады. Ол үшін Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне өзгерістер енгізіледі», – деді Сабильянов.

Оның айтуынша, ұлттық платформаның операторын Үкімет белгілейді.

«Біздің мақсатымыз – бірыңғай жүйе құру. Бұл стартаптарға жаңа мүмкіндіктер, азаматтарға қолжетімді қызметтер, ал мемлекетке қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жүйе береді», – деп санайды мәжілісмен.

Жасанды интеллект платформасымен бірге EXPO көрмесі аумағында Жасанды интеллект орталығы ашылады. Сабильяновтың айтуынша, орталық жас мамандарға тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беріп, инвесторлармен байланысты нығайтады.

«Жалпы жастарымыздың қабілеті зор. Бізде қосымша жасап жүрген, бағдарламалар құрастыратын, жаңа идеялары бар дарынды жастар жетіп артылады. Бірақ олардың көбі қаржы жағынан қиналады. Сондықтан мемлекет оларға қолдау көрсетуге тиіс», – дейді Мәжіліс депутаты.

ЖИ және жұмыссыздық

Қоғамда жасанды интеллект барлық салаға біртіндеп енгізілсе, елімізде жұмыссыздық көбейіп кетпей ме деген алаңдаушылық бар. Алайда Нұртай Сабильянов бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, кейбір жұмыс орындары қысқаруы мүмкін, бірақ жаңа технологиялар негізінде нарыққа мүлде жаңа мамандықтар қосылады.

«Иә, біраз жұмыс орындары қысқаруы мүмкін. Бірақ жаңа технология әрқашан жаңа жұмыс орындарын ашуға түрткі болады. Кезінде электронды портал, цифрландыруға көшкенде де осындай пікір айтылған. Уақыт өте жаңа жұмыс түрлері пайда болып, адамдар бейімделді. Сол себепті жаппай жұмыссыздық белең алады деп алаңдауға негіз жоқ», - дейді ол.

Керісінше экономиканы дамыту арқылы халықты жұмыспен қамтуға болады.

«Жаңа жұмыс орындарын ашып, азаматтарға өз қабілетіне қарай іс бастауға мүмкіндік беріледі. Мысалы шаруа қожалығын, шағын немесе орта бизнес ашу. Қазір тек ірі өндіріс емес, шағын кәсіпорындар да жаңа технологияны меңгеріп, өнім шығара алады. Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуіміз қажет. Мемлекет шағын және орта бизнестің дамуына қолдау көрсетуде. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен көмек», - дейді депутат.

Жасанды интеллект оқушыларға қалай әсер етеді

«Жасанды интеллектінің білім саласына әсері туралы алаңдаушылық бар. Балалар дайын ақпаратқа үйреніп, сыни тұрғыдан ойлау қабілеті төмендеп, тапсырмаларды өз бетінше орындай алмай қалуы мүмкін деген пікірлер айтылып жүр. Бұл орынды да. Сондықтан қабылданғалы отырған ЖИ туралы заң жобасында бұл мәселе ескерілген. Оқу-ағарту министрлігі өз саласына қажетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдай алады. Мектептерде оқыту процесіне жасанды интеллектіні енгізу, белгілі бір шектеулер қою мәселесін де осы орган анықтайды. Болашақта жасанды интеллект пәні енгізілуі де мүмкін. Бірақ біз орта білімге жасанды интеллектіні енгізуден қорықпауымыз керек, өйткені ол – заман талабы. Тек тиісті талаптар мен заңнамалық негіздер дұрыс жасалуы керек», - деп атап өтті фракция мүшесі.

Жауапкершілік және этикалық стандарттар

Заң жобасында жасанды интеллект жүйелерін қолдану кезінде туындайтын тәуекелдер де ескерілген. Егер ЖИ адам денсаулығына, қоғамға зиян келтірсе немесе жалған ақпарат таратса, меншік иелеріне әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Сонымен бірге, жасанды интеллект көмегімен жасалған шығармаларда міндетті түрде ЖИ көрсетілуі талап етіледі. Егер автор қандай да бір туындының ЖИ көмегімен жасалғанын жасырса, жауапқа тартылады. Бұл нормалар авторлық құқыққа қатысты даулардың алдын алуға және шығармашылық еңбекті әділ бағалауға мүмкіндік береді.

Депутаттың айтуынша, жасанды интеллект туралы заң жобасы жыл соңына дейін қабылдануы мүмкін. 

«Ең бастысы бұл халықтың игілігі үшін жасалып жатыр. Жасанды интеллект азаматтардың өмірін, жұмысын жеңілдетуге қызмет етеді», – деп атап өтті Нұртай Сабильянов.

Парламенттік тыңдау

Бүгінде жасанды интеллект экономиканың барлық саласын жаңғыртуға, мемлекеттік басқаруды тиімді етуге және халықтың өмір сапасын жақсартуға ықпал ететін озық құрал ретінде қаралып отыр. Әлем елдері бұл бағытта бәсекелестікті күшейтіп жатқан тұста Қазақстан да өз заңнамалық базасын жетілдіруге кірісті. Тіпті алдағы аптада Мәжілісте жасанды интеллект тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өткізу жоспарланып отыр.

Депутаттың айтуынша, ол жиынға халықаралық сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, IT-компаниялардың жетекшілері және азаматтық қоғам өкілдері қатыспақ.

Тыңдау барысында мынадай маңызды мәселелер талқыланады:

  • жасанды интеллектіні дамытудың ұлттық стратегиясы мен заңнамалық базасы;
  • экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллектіні енгізу тетіктері;
  • цифрлық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау жолдары;
  • жасанды интеллектінің әлеуметтік және этикалық қырлары;
  • халықаралық тәжірибе мен Қазақстан үшін тиімді тетіктер.

«Парламенттік тыңдау жасанды интеллектіні қоғам мен мемлекет мүддесіне тиімді пайдалану жолдарын айқындап, саладағы өзекті түйткілдерді шешуге ықпал етеді», - деп түйіндеді сөзін Сабильянов.