Формалды көрсеткіштердің орнына нақты индикаторлар қажет дейді ол
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын сынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, құжатта тағы да формалды көрсеткіштер жазылған, ал бюджет қаржысының ашық әрі тиімді жұмсалуы күмән тудырады.
«Жаңа Бюджет кодексі қабылданғаннан кейінгі энтузиазм мүлде жоғалды демеймін, бірақ бізге келіп түскен құжаттарға қарасақ, ол айтарлықтай басылып қалған. Мына құжатта мемлекеттік органдардың сол баяғы формалды көрсеткіштері тұр. Кодексте нақты индикаторлар болуы тиіс деп арнайы көрсеттік. Қазір әкімші қаражатты қайта бөле алады, ал біз нақты көрсеткіштер болуын қаладық. Мысалы, он мектеп, он бес аурухана салу, жиырма бес кабинет сатып алу сияқты. Бірақ оның орнына «халықты сауалнамаға қатыстыру» секілді көрсеткіштерді көріп отырмыз. Ертең бұл қаржының қайда жұмсалғанын қадағалай алмай қаламыз. Бұл мәселе әлі де шешілген жоқ», – деді Аймағамбетов республикалық бюджет жобасын таныстыру барысында.
Ол сондай-ақ бюджеттің 1 пайызын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) бөлу туралы көптен көтеріліп жүрген мәселені еске салды.
«Ақыры бұл шешімін тапты. Енді бұл арнайы түсім ретінде қаралады. Бюджетте 20,4 млрд теңге қарастырылғанын көрдік. Бірақ неге дәл 20, ал 30 емес деген сұрақ туындайды? Бұл сан қайдан шыққан? Бірінші мәселе осы. Ал екіншісі – бұл қаражатты бөлу механизмі әлі табылған жоқ. Үшінші – жалпы алғанда, қандай салалар қаржыландырылып, бөлуді кім жүзеге асырады?» – деді депутат.
Сонымен қатар, Аймағамбетов бюджет өтінімдеріне қол жеткізу мәселесіне тоқталды.
«Біз бұл норманы арнайы қабылдадық. Бюджет өтінімдерін тек Қаржы министрлігі мен ЖАП ғана емес, депутаттар да көруі тиіс еді. Олар ақпараттық жүйе арқылы өтуі керек болатын. Бірақ әзірге бұл жүйені көрген жоқпыз», – дейді мәжілісмен.