Депутат Тұрғанов теміржол саласында отандық өндірушілерді қолдауды сұрады
Ол Павлодардағы «Format Mach Company» зауытының отандық компаниялармен келісім жасай алмай отырғанына қынжылады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдады. Ол теміржол машина жасау саласында қазақстандық кәсіпорындардың шеттетіліп отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, Павлодардағы «Format Mach Company» ЖШС – жүк вагондарына арналған қосалқы бөлшектерді сертификат арқылы жасайтын жалғыз өндіруші. Соған қарамастан, компания отандық вагон құрастыру зауыттарымен ұзақмерзімді келісімшартқа қол жеткізе алмай отыр.
«Маған ел экономикасына жұмыс істеуге дайын көптеген кәсіпорын басшылары жүгінеді. Олар кейбір шенеуніктердің бюрократиялық кедергілеріне тап болады. Мысал ретінде Павлодардағы «Format Mach Company» ЖШС-ін айтайын. Компания шамамен 25 млрд теңгеге құйма өндірісін жаңғырту және кеңейту жобасын іске асырады. Бұл кәсіпорын еліміздегі жүк вагондарына арналған бірқатар қосалқы бөлшектерді шығаратын әрі сертификатталған жалғыз өндіруші және қазақстандық вагон құрастырушыларды тұрақты өніммен қамтамасыз етуге қуаты да, біліктілігі де жетеді», - дейді Тұрғанов.
Соған қарамастан, Тұрғановты қынжылтып отырғаны - кәсіпорынмен ешбір отандық вагонқұрастыру зауыты ұзақмерзімді келісімшарт жасасқан жоқ. Керісінше, негізгі көлемдегі қосалқы бөлшектер Ресей мен Қытайдан импортталады. 2024 жылы кәсіпорынның дәл осы өнімдерінің 80%-дан астамы Ресей, Беларусь және Өзбекстанға экспортталды, бұл олардың баға мен сапа тұрғысынан бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді.
«Бұл жағдай мемлекеттік бюджетке миллиардтаған шығын әкеліп отыр, жаңа жұмыс орындары да ашылмайды. Мемлекеттік қаражат өзге елдің экономикасына емес, отандық өндіріске жұмыс істеуі керек», – деді депутат.
Осыған байланысты ол Үкіметке екі ұсыныс жасады:
- мемлекеттік қаржы есебінен жүзеге асатын жобаларға қазақстандық өндірушілердің қатысуын міндеттеу;
- вагон өндірушілерді бөлшектерді отандық кәсіпорындардан сатып алуға міндеттейтін талап енгізу.