Қарағанды облысында мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауын іске асыру аясында бірқатар ірі бастамалар қолға алынды. Әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, өңірде жасанды интеллектке негізделген жүйелер әлеуметтік салада, көлік, коммуналдық шаруашылық және өнеркәсіп салаларында жақсы қарқын алған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Облыста нейрондық желіге негізделген «Азық-түлік бағасын мониторингтеу» жобасы іске қосылды. Бұл жүйе әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын автоматты түрде жинап, талдайды. Деректер өңірлік сауда желілерінің сайттарынан алынады, ал талдамалық есептер баға өзгерістеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
«Жүйе жанар-жағармай бағасын автоматты жинауды, бақылауға алынатын тауарлар тізімін кеңейтуді және барлық сауда нүктелерін қамтуды көздейді. Кассалық чектердің деректерін интеграциялау арқылы нақты орташа тұтынушылық себет жасақталмақ», – деді облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий.
Көлік саласында пилоттық режимде JoLScan жобасы іске қосылды. Компьютерлік көру технологиясы бейнетіркегіштердің жазбаларын талдап, жолдағы ақауларды анықтайды. Олқылықтар геолокация арқылы картаға түсіріліп, олардың тарихы қадағаланады. Жүйе бес сындарлы аймақты жедел араласуды қажет ететін нүктелер ретінде анықтады.
Сонымен қатар интеллектуалды платформа бағдаршамдардың жұмысын реттеп, көлік кептелісін азайтуға бағытталған.
Аймақта «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында жасыл екпелерді түгендейтін мобильді қосымша әзірленді. Жүйе нысандардың координаттарын, сипаттамасын және фотосуреттерін тіркеп, оларды жасанды интеллект көмегімен өңдейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Қазақстанды Еуразиядағы жетекші әуе хабына айналдыру міндетін қойған болатын. Қарағанды облысында бұл бағытта ауқымды жобалар жүзеге асуда:
Өңірде алдағы жылдары 120 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ, оның 29-ы биыл іске қосылады. Қазірдің өзінде ыстық мырыштау зауыты, теледидар және тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорындар жұмыс істеп тұр.
Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың айтуынша, жаңа жобалар 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашпақ. «Сарыарқа» АЭА мен Saran индустриялық аймағы табысты жұмыс істеп, шетелдік инвесторларды тартуда.
Қарағанды облысы өткен жылы 3 трлн теңгеден астам өнім өндірді. Qarmet компаниясы өндірісті жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізуге 1,6 трлн теңге инвестиция құюды жоспарлап отыр. Сонымен қатар туризм саласы дамып, жаңа туристік орталықтар айқындалуда.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Жолдаудағы тапсырмаларды орындау – өңірдің басты міндеті екенін атап өтті.
«Қарағанды облысы Қазақстанның болашағына арналған зертханаға айналуы тиіс. Мұнда дәстүрлі өндіріс пен жаңа технологиялар, ауыр өнеркәсіп пен цифрлық шешімдер тоғысуы қажет. Жетістік халықтың әл-ауқатына және елдің тұрақты дамуына тікелей байланысты», – деді ол.