«8 трлн теңгенің керексіз өтінімін алып тастадық»: Бектенов Парламентке бюджет жобасын енгізді

Автор: Бақыт Шынар

Премьер сондай-ақ алдағы үш жылға арналған даму болжамын ұсынған

Фото: primeminister.kz

«AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген жиынына қатысқан премьер-министр Олжас Бектенов парламентке бюджет жобасын ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, премьер сондай-ақ экономиканың алдағы үш жылдағы дамуы туралы болжамын ұсынған.

Сол болжамға сүйенсек, базалық сценарий сақталса, 3 жылдағы ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 5,3 пайыз болады дейді.

Ал, шығындарды азайту үшін үкімет бюджеттен 8 трлн теңгеден астам өтінімді алып тастапты.,

«Бюджет шығындарына қатысты айтар болсақ, біз оларды қысқарту қажет екенін түсініп отырмыз және осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мысалы, 2025 жылдың бюджетін қалыптастырған кезде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің маңызы жоқ, жалпы сомасы 8 трлн теңге өтінімін алып тастадық. Жалпы 34 трлн теңгеге өтінім келіп түсті, соның ішінде біз тек 25 трлн 700 млрд теңгесін ғана қанағаттандырдық», – деген Бектенов.