Сарапшылардың валютаға қатысты болжамы нашарлаған
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы қаржы сарапшыларының доллар бағамына қатысты болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сарапшылар алдымыздағы қыркүйек айында доллар бағамы 541,7 теңге, ал тура бір жылдан кейін 573 теңге болуы мүмкін деп болжап отыр. Бұған дейінгі болжамда доллар бағамы тиісінше 523,4 және 548,5 теңге еді.
«Теңге бағамына қатысты болжамның нашарлауына валюта нарығындағы қатты құбылмалылық, сауда балансы профицитінің төмендеуіне қатысты болжам, шетел валютасына ішкі сұраныстың артуы және шикізат нарықтарындағы баға динамикасының тұрақсыздығы себеп болып отыр», - дейді қаржыгерлер қауымдастығы.
Қысқа мерзімді кезеңде сарапшылар базалық мөлшерлемені көтеру қажет деп санамайды. Сауалнамаға қатысқан сарапшылардың 78 пайызы Ұлттық банктің 29 тамызда өтетін отырысында базалық ставка осы деңгейде сақталады деп болжап отыр. Қалған 22 пайызы мөлшерлеме 16,75–17%-ға дейін көтерілуі мүмкін дейді.