Маңғыстауда кәсіпкерлік пен сауда саласында 156 жоба қолдау тапты

Автор: Бақыт Шынар

Сол арқылы 150 жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік туған

Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Биыл Маңғыстау облысында кәсіпкерлік пен сауда саласында 156 жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Нәтижесінде 150 жұмыс орны сақталып, қосымша 81 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Пікір Сансызбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қолдау көрсетілген жобалардың ішінде 111 жоба субсидиялау құралы арқылы, 45 жоба кепілдендіру тетігі арқылы жүзеге асырылған.

«Әлеуметтік кәсіпкерлер мен «Бір ауыл - бір өнім» бағдарламасының финалистеріне мемлекеттік гранттар беру мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Қараша айында өткен конкурстық рәсімдердің нәтижесінде 20 кәсіпкердің жобасы мақұлданып, 50 жаңа жұмыс орны құрылады», - деді басқарма басшысы.

Брифинг барысында Пікір Сансызбаев облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында да белсенді шаралар атқарылып жатқанын атап өтті.

«2025-2026 жылдардағы күз-қыс маусымында облысты көкөніспен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында 4 шаруашылықпен форвардтық келісімшарттар жасалды. Сондай-ақ, 2000 тонна картоп, 765 тонна сәбіз және 4,5 млн дана тауық жұмыртқасы сатып алынбақ. Облыс бойынша 340 сауда нысанымен әлеуметтік маңызы бар тауарларға үстеме бағаны 15%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы меморандумдарға қол қойылды. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Маңғыстау облысы жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы бойынша алғашқы бес өңірдің қатарында», - деді Пікір Сансызбаев.