ЖЭК жоқтың қасы, ал оған қатысты мереке бекітілмек
Нұрлан Ноғаев басқаратын Энергетика министрлігі Үкімет басшысы Асқар Маминнің қол қоюына Үкімет қаулысының жобасын ұсынбақ, деп хабарлайды inbusiness.kz. Құжат «Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Үкіметтің 2017 жылғы 31 қазандағы қаулысына толықтыру енгізеді. Оған сәйкес, мерекелік күндердің тізбесіне жаңа 17-1-1-тармақ қосылады. Нәтижесінде, Қазақстанда жаңа кәсіби мереке пайда болуға тиіс. Ол «4 шілде – жаңартылатын энергия көздері қызметкерлері күні» деп аталмақ. Сарапшылар мұның қисыны жоқ екенін айтады.
Біріншіден, Энергетика министрлігі не себепті бұл мерекеге «Астана күні» қарсаңындағы 4 шілде таңдалып отырғанын түсіндірмейді. Біздің білуімізше, 2009 жылғы 4 шілдеде елімізде алғаш рет «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заңы қабылданыпты. Қазақстан экономикасына қосар үлесі мардымсыз бұл салада басқа атаулы дата жоқ. Әрине, мереке күні ретінде 9 маусымды – «Болашақ энергиясы» ұранымен өткен «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылған күнін алуға болар еді. Алайда ол көрме бізде қалпына келетін қуат көздерінің буырқана дамуына, еліміздің жаппай «жасыл» технологияға көшуіне әкелмеді.
Екіншіден, заңнама да, құқықтық қолданыста да «қуат көзінің қызметкері» деп бекітілген термин жоқ. Тіпті осы ресми құжат жобасы орналастырылған «Ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталының» заңгері Андрей Суханов та оның дұрыстығына күмән келтірді. «Жаңартылатын энергия көздері қызметкерлері күні деген жаңа мереке енгізбек. Бұл нысандардың қызметкерлері де энергетиктер қатарына жатады емес пе.
Егер оны жеке енгізгісі келіп бара жатса, «Жаңартылатын энергия көздері объектілерінің қызметкерлері күні» дегені дұрыс болар», – дейді Андрей Суханов.
Орталық Азия, түркі әлемі және ТМД көлемінде тұңғыш рет ұйымдастырылған, жаңғыратын қуат көздері саласындағы инженерлік ақыл-ойдың ең озық әрі жаңа жетістіктері ұсынылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің дүркіреп өтіп кеткеніне де үш жыл толды. Жаһандық көрмені ұйымдастырып, өткізуге бес жыл ішінде республикалық бюджеттен 565,1 миллиард теңге немесе 2,1 миллиард доллар қаржы бөлініпті. Алайда мемлекетте баламалы «жасыл» технологияларды ендіру ісі қарыштап ілгері кетпеді. Ел «жасыл» даму даңғылына түсе қойған жоқ.
«Егер судан қуат өндіретін дәстүрлі ГРЭС-терді қоспасақ, онда жаңғыратын энергия көздерінің (ЖЭК) қазақстандық энергетикадағы үлесі бар-жоғы 0,5%-ды құрайды. Қарапайым тілмен түсіндірсек, айталық сіз бір ай бойы сыммен үйіңізге келіп тұрған электрді қолдандыңыз делік. Осы айда сондай-ақ қолшам-фонарикке және жарсағатқа салу үшін бір-екі батарейка сатып алдыңыз. Міне, елімізде ЖЭК беретін қуат осы батарейкалар сияқты ғана мардымсыз дүние. Егер дәстүрлі тоқ сөніп қалса, тіршілігіңізге қолшамның көп көмегі болмайды. Қазақстан 2020 жылы ЖЭК үлесін 3%-ға жеткізу бойынша «ғаламат» жоспар құрған. Оның өзі айтуға тұрмайтын үлес болмақ», – дейді энергетикалық саясат маманы Денис Бондаренко.
Миллиардтардың игерілгеніне қарамастан, әзірге бірнеше жел және күн энергиясы жобалары ғана жүзеге асырылды. Еліміздің бұл тараптағы мол әлеуеті сол бұрынғыдай қажетке жаратылмай жатыр. Ел Үкіметі ЭКСПО қарсаңында 2025 жылы ЖЭК үлесін 6%, 2030 жылы – 10%-ға жеткізу жоспарын бекітті. Ал ғасыр ортасында, 2050 жылы жаңғыратын және баламалы қуат көздері еліміздің бүкіл қуат тұтынысының кем дегенде жартысын қанағаттандыруы тиіс.
Қазақстанда жалпы қуаты 1050 МВт болатын 90 ЖЭК нысаны іске қосылды. Оның 19-ы – желден, 30-ы – күннен қуат өндіреді. Бұл қатарға 37 су электр стансасы және 3 биоэлектр стансасы да қосылып отыр. Соңғысы мал қиынан қуат өндіруі тиіс сынақ жобалар. «Эксперт РА» сарапшылық жобасының басшысы Вита Спивак бір қызықты жайтты әңгімелеп берді. Оның байламынша, мемлекеттің экономикаға араласуы көбіне пайда әкелмейді. Өйткені шенеуніктер еш қайтарым мен тиімділік әпермейтінін біле тұра, бедел-имидж үшін ел қаржысын төгуі мүмкін.
«Мысалы, 2012 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы күн батареяларын өндіретін «Astana Solar» зауытына құрылтайшы болды. Зауыттың құрылысы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына, «Қазақстанның индустрияландыру картасына», тіпті кейін, 2016 жылы күші жойылған «Энергия үнемдеу–2020» бағдарламасына сай келеді деді. Біз осы тұрғыда «Талап» орталығымен ақылдастық. Олар мұны ақша шашудың фантастикалық үлгісі деп бағалады. Өйткені ол кезде «жасыл» дамуға, ЭКСПО-ға бөлінген аста-төк қаражатты шығындайтын идеялар тапшы еді. Содан күн панелдерін шығаруға ұйғарылды. Білуімізше, елорда маңында «Astana Solar» зауытын салуға 100 миллион доллар бөлген. Ылан-ойран ақша жұмсап, ақырында қытайдың өнімінен де 8 есе қымбат күн панеліне қол жеткізді», – дейді Вита Спивак.
Артынша экономикалық дағдарыс пен ұлттық валютаның девальвациясы билікті тас төбесінен мұздай су төгіп жібергендей сергітті. «Қазатомөнеркәсіп» бұл зауытына сатып алушы іздей бастады. Мысалы, 2018 жылы желтоқсанда ұлттық компания «Astana Solar» және «Kazakhstan Solar Silicon» ЖШС-ларын төртінші рет саудаға шығарды. Сол кездің өзінде төл капиталы бойынша Astana Solar 28,8 миллиард, ал Kazakhstan Solar Silicon 1,8 миллиард теңге шығынға шыққаны хабарланды.
Бүгінде «Astana Solar» ЖШС «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының еншілес кәсіпорны болып қалуда, ол енді «KazPV» қазақстандық кремний негізінде фотоэлектрлі модульдер өндірісін құру жобасын жүзеге асыруға жауапты. Ал мемлекет болса, «жасыл» дамуға ел қаржысын шығындауын жалғастыруда. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Технологиялар мен үздік тәжірибелерді ілгерілету, бизнес пен инвестицияларды дамыту жолымен Қазақстанның «жасыл экономикаға» жедел көшуіне жәрдемдесу» аталатын бюджеттік бағдарламасы аясында былтыр миллиардқа жуық қаржы – 945,2 миллион теңге, ал биыл 649,8 миллион теңге бөлініпті. Атауы тура осылай аталатын Энергетика министрлігінің де бюджеттік бағдарламасы бар. Оған 2019 жылы 945,2 миллион теңге қарастырылса, 2020 жылы 812,2 миллион теңге жоспарланыпты. Экология министрлігінің осы бағдарламасының түпкі нәтижесі ретінде «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы аясында халықты қолжетімді ең үздік техникалар саласындағы ақпаратпен қамту үлесі 2021 жылы – 2,6% болады» деп көрсетілген. Ал Энергетика министрлігі бағдарламасының міндеті – «жасыл технологияларды пайдаланатын кәсіпорындардың үлесін 2020 жылы – 0,48%-ға, 2021 жылы – 0,6%-ға, ал 2022 году – 0,72%-ға жеткізу» деп белгіленіпті. Жүздеген миллион ел қаржысының қайтарымы осынша ұсақ екені қынжылтады.