Елдегі кен орындарының басым көпшілігі «қазғаз жүзінде» ғана бар – ЖАП

Автор: Аягөз Құрмаш

Жер қойнауын пайдалану елдің ЖІӨ-нің 20%-дан астамын қамтамасыз етіп отыр

Фото: pixabay

Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының отырысында геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік аудит нәтижелері қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Аудит ұлттық ресурстарды пайдалану тиімділігін бағалау мақсатында жүргізілген. Қазіргі таңда жер қойнауын пайдалану елдің жалпы ішкі өнімінің 20%-дан астамын қамтамасыз етіп отыр. Қазақстанда хром, темір кені, мыс, қорғасын, уран, алтын, күміс сынды пайдалы қазбалардың ауқымды қоры бар.

«Аудит барысында экономикалық айналымға тартылмаған, тек алдын ала бағаланған, бірақ геологиялық тұрғыдан нақты дәлелденбеген қорлардың үлесі өте жоғары екені анықталды. Бұл – саланың негізгі проблемаларының бірі. Қор өсімінің баяулауына геологиялық зерттеулерге бөлінетін қаржының жеткіліксіздігі әсер етіп отыр. Жер қойнауын барлау құқығына лицензиялық жүйе енгізілгеніне қарамастан, инвесторлардың белсенділігі төмен деңгейде қалып отыр. Аудиторлар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан геологиялық ақпаратты цифрландыру, деректер банкін құру, қорларды жаңарту және жеке секторды ынталандыру бағытындағы жұмыстардың орындалмағанын атап өтті», - делінген зерттеуде.

Геология комитеті тарапынан тиісті бақылау болмағандықтан, мердігердің орындалмаған жұмысы үшін мемлекет есебінен 68,2 млн теңге төленген. Бұл қаражат геологиялық материалдарды цифрландыруға бөлінген болатын.

Министрлік жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыс бағдарламаларына салықтық сараптамасыз өзгерістер енгізуге рұқсат берген. Бұл компанияларға салық заңнамасын өз қалауынша түсіндіріп, бюджетке төленетін төлемдерден жалтаруға мүмкіндік берген.

Халықаралық стандарттарға сай сенімді зертханаларға сұраныс артқанымен, елде олардың саны жеткіліксіз. Бұл жағдай бағалы металдар мен шикізат экспортын бақылау сапасының төмендеуіне себеп болуы мүмкін.

Аудиторлық тексеру барысында 81 рәсімдік бұзушылық және 16 жүйелі кемшілік анықталды. Соның ішінде «қағаз жүзіндегі» қорлар мәселесі ерекше аталып өтті.

Жоғары аудиторлық палата тексеріс нәтижесінде жер қойнауын пайдалануды жетілдіруге бағытталған нақты ұсынымдар мен тапсырмалар берді. Олардың орындалуы қатаң бақылауда болады.