ЖАП осындай тапсырма берген
Қазақстанда квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жарғылық капиталды қалыптастыруға немесе ұлғайтуға бөлінген, бірақ пайдаланылмай қалған бюджет қаражатын қайтару механизмі бекітілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасымен Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері қажетті шараларды қабылдады. Нәтижесінде президент биыл 15 наурызда қол қойған жаңа Бюджет кодексінде тиісті норма бекітілді.
«Бұл қадам мемлекет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ақша ұлттық компаниялардың шотында бос жатпай, бюджетке қайтарылады. Нәтижесінде қаражат анағұрлым маңызды және шұғыл міндеттерге, мысалы, ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталады», - дейді ЖАП.
ЖАП мұндай тәсіл бюджет қаражатын мақсатсыз немесе тиімсіз пайдалану тәуекелін азайтуға, ашықтық пен есептілікті күшейтуге мүмкіндік береді деп есептейді. Ал ұлттық компаниялар бөлінген ақшаны жоспарлау мен жұмсауға жауаптылықпен қарайды, себебі пайдаланылмаған қаржы енді жыл соңында міндетті түрде қайтарылуға тиіс.