«Атамекен» палатасы бизнесті дамытудың жаңа тәсілдерін ұсынады

Автор: Нұргүл Абай

Бұрын әзірленген стратегиялар қазір өзекті емес, дейді Баталов

Фото: instagram/atameken.taldykorgan

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Бәйтерек» холдингі бизнесті дамытудың жаңа тәсілдерін таныстырады. Бұл туралы палата президиуымының төрағасы Райымбек Баталов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қазір бизнесте салаларды дамыту бойынша айқын стратегиялардың жоқтығы байқалады.

«Басым салалар, нишалар, кластерлер қандай критерийлер бойынша анықталатыны, қолдау шараларының тиімділігі қандай мақсатты индикаторлармен бағаланатыны түсініксіз. Бүкіл әлем қарқынды өзгеріп жатыр. Бұрын әзірленген «Макинзи», «төрттік» секілді стратегиялар қазір өзектілігін жоғалтқан, жаңа тәсілдер қажет. Сіз «Бәйтерек» холдингінің, Ұлттық палатаның кластерлер мен басым нишаларға қатысты бастамасын қолдадыңыз. Біз осындай жаңа тәсілдің алгоритмін ұсынамыз, оны бірлесіп алдағы екі апта ішінде таныстыруға дайынбыз және тиісті нормативтік-құқықтық актілер бойынша да ұсыныстар беруге дайынбыз», - деді Баталов Үкімет отырысында.

Сонымен қатар, палата басшысы кадр тапшылығына да тоқталды. Айтуынша, кадр жетіспеушілігі – ең маңызды тежеуші факторлардың бірі.

«Бүгінде инвестициялық жобаларды дамыту тек кәсіби кадрларға ғана емес, сонымен қатар желілік менеджментке де байланысты. Осыған байланысты біз жұмыс күші мен мамандарды тарту тұрғысынан либерализацияны күшейтуді ұсынамыз», - деді ол.

Премьер-министр Олжас Бектенов бизнестің цифрлық картасын әзірлеу ісінде Ұлттық палатаны толық қолдайтынын айтты.

«Бизнестің цифрлық картасына келсек. Бизнес барлық ірі жобаларды көріп, оларға дер кезінде дайындалып, қатыса алуы үшін бұл бастаманы толығымен қолдаймыз. Біз сіздердің тәсілдеріңізді көріп шықтық. Егер жүйе дайын болса, оны қарауға дайынбыз. Басқа мәселелер бойынша да  негізі бір нәрсені айтып отырмыз. Ескертпелеріңіз үшін рахмет», – деді Бектенов.