Елімізде Kia мен Hyundai зауыттарынан шығатын көліктер саны азаймаған
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистер қазақстандықтар қытай автокөліктерін көбірек сатып алып жатқанына назар аударып, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтан отандық зауыттарда Kia мен Hyundai өндірісінің қарқыны туралы сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нағаспаев министр қызметіне кіріскеннен кейін Алматы мен Қостанайдағы көлік зауыттарын аралап шыққанын атап өтті. Айтуынша, Алматыда қытайлық ірі төрт брендті шығаратын, қуаты 90 мың көлікті құрайтын үлкен зауыт салынып жатыр. Қазір нысан 99 пайызға дайын. Қостанайдағы зауыт та заманауи, айтарлықтай автоматтандырылған.
«Сондықтан осы тұрғыдан мен елімізде автокөлік өндірісі дамитынына күмәнім жоқ. Биыл біз Қазақстанда 150 мың автокөлік шығаруды жоспарлап отырмыз. Ал қытай көліктеріне келсек, Қытайдың автоөнеркәсібі қарқынды дамып жатқаны бәріне мәлім. Олар жаңа технологияларды белсенді енгізіп жатыр, көрші елдің көліктері Қазақстан нарығында да бар», - дейді ол.
Министрдің айтуынша, алғашқы төрт айдың ішінде Қазақстанда 60 мыңнан астам автокөлік сатылған, оның 40 пайызға жуығы – қытай автокөліктері.
«Осы айда біздің Kia мен Hyundai көліктерінің өндірісі төмендеген жоқ. Керісінше, Hyundai 30 пайыздан астам артқан, ал Kia жеті пайызға өскен. Chevrolet бойынша да өсім бар. Төмендеу жоқ», - деді Нағаспаев.
Яғни, айтуынша, 16 мың Hyundai, 7-8 мың Kia және 8,7 мың Chevrolet шығарылған.