$ 522.63  548.66  5.07
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.10.2019, 15:03
Экономика

Миллионер Ыдырысов «Алматыметроқұрылыстың» акциясына таласып жатыр

Қазақстандағы ең беделді 50 бизнесменнің тізіміне кіретін Дінмұхаммед Ыдырысов Алматыдағы метро құрлысын жүргізіп жатқан кәсіпкерді заңсыз қудалап отыр, дейді адвокат 

Миллионер Ыдырысов «Алматыметроқұрылыстың» акциясына таласып жатыр

«Алматыметроқұрылыс» Ыдырысовқа қанша қарыз?

«Алматыметроқұрылысы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Рейімов өзіне қаржы миллионері мен құқық қорғау органдары тарапынан қысым көрсетіліп отырғанын айтады. Қазір құқық қорғау органдарында банк қаржысын ұрлады және тиісті акцияларды қайтарып бермеді деген талап бойынша компаниядағы жауапты тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту ісі қаралып жатыр. Оның біріншісі «Bank RBK» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы А. Токаровтың 21.03.2019 жылы қол қойған 36 миллиард теңге көлеміндегі қарыз туралы талап арызы. Яғни бұл жерде RBK банкі мен «МAG» корпорациясы арасындағы қаржылық келісім шарттың орындалмауына қатысты мәселе бар. Ал екіншісі Дінмұхаммед Ыдыдырысовқа тиеселі  «ДК-Инвестмент» серіктестігіне «Инженерлік қолдау» құрылыс компаниясы мен  «Алматыметроқұрылыс» акционерлік қоғамы акцияларының 80%-ын қайтарып беруі туралы шағым. Соңғы арыз қалалық полиция депараментіне 2 мамырда (02.05.2019 ж) түскен.

Алайда бүгін қылмыстық іс бойынша жауапты тарап «Алматыметроқұрылыс» компаниясының акционерлері Д.Ыдырысовқа акцияның 80 пайызы емес, 39 пайызы тиеселі екенін мәлімдеді.

«Бұл іс қылмыстық тәртіпте қарастырылмауы тиіс, өйткені ол толығымен ойдан құрастырылған. Азаматтық-құқықтық жолмен шешілуі керек еді. «Инженерлік қолдау» құрылыс компаниясы» ЖШС және «ДК-Инвестмент» ЖШС арасында 2014 жылдың 20 наурызында бағалы қағаздарды сатып алу және сату туралы шарт жасалды. Бұл келісім шарт бойынша «Инженерлік қолдау» ЖШС «ДК-Инвестмент» ЖШС-не «Алматыметроқұрылыс» АҚ акцияларының 39%-ын табыстау туралы міндеттеме алған. Тиісінше Ыдырысов Дінмұхаммед және «Алматыметроқұрылыс» АҚ  арасында Қарыз туралы шарт жасалып, оған сәйкес қазіргі таңда «Алматыметроқұрылыс» АҚ Ыдырысовқа 1,5 млрд теңге қарыз. «Алматыметроқұрылыс» АҚ бұл берешекті мойындайды және одан бас тартпайды, оны өтеуге дайын. Ал қарыз туралы шартта Қайрат Рейімов немесе «Инженерлік қолдау» кәсіпорны Ыдырысовқа «Алматыметроқұрылыс» АҚ акцияларының 80%-ын қайтарып беруі тиіс деп көрсетілмеген», - дейді директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Рейімов.

Екі кәсіпкер арасындағы дау метро құрылысына қалай әсер етеді?

Тергеу барысында «Алматыметроқұрылыс» компаниясының құқығын қорғаушы адвокат Джохар Өтебеков екі іс бойынша да қылмыстық құрамның жоқтығын айтады. Жоғарыда аталған деректерге байланысты бастапқыда ҰҚК мен Экономикалық тергеу департаменті тергеу жүргізген. Көктемде бұл істі құзырлы органдар қалалық полиция департаментіне жолдапты. Бірақ прокуратураның қадағалауымен азаматтық-құқықтық сипаттағы және коммерциялық дау түріндегі жағдайға қатысты қылмыстық қудалау алты ай бойы тоқтатылмаған.

«Қазіргі таңда Ыдырысов Дінмұхаммед құқық қорғау органдарының, енді Алматы қаласы Полиция департаментінің көмегімен басқа адал кәсіпкерлердің есебінен өз мәселесін шешуге тырысып жатқандығы айдан анық көрініп тұр. Өйткені жақында Полиция департаменті жоғарыда аталған мүлдем бөлек екі істі бір қылмыстық іске біріктіріп тастады. Осылайша шеңбер тұйықталды. Мен кәсіпкер  Ыдырысов, прокуратура және қалалық полиция бірігіп Қайрат Рейімов пен оған тиеселі «Алматыметроқұрылыс» компаниясын тартып алу ойлары барын айтқым келеді.  Біз қоғамның назарын осыған аударамыз», - дейді Джохар Өтебеков.

Екі кәсіпкердің арасындағы дау Алматыда соңғы 6 жылдан бері салынып жатқан метро станцияларының құрылысына қалай әсер етеді?! Негізгі құрлысты жүргізетін кәсіпорынның иесі жұмыстың тоқтамайтынын айтады. Қазір 1100 жұмысшының жалақысы уақытында төленіп жатыр. «Сарыарқа» және «Достық» станцияларында жұмыстардың 80 пайызы аяқталған. Тапсырыс беруші «Алматыметрополитен» компаниясы тиісті қаражатты уақытымен аударып отырса, құрылыс қарқыны тоқтамайды деп отыр басшылық. Алайда, 23 қазанда метродағы жүздеген жұмысшы наразылық акциясын ұйымдастырып, құрылыс тоқтап қалуы мүмкін деп алаңдаған болатын. Жоғарыдағы екі бекет 2020 жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілуі керек деп жоспарланған. 

Дінмұхаммед Ыдырысов деген кім?

Дінмұхаммед Ыдырысов «Forbes.kz» дерегінше елдегі ең беделді 50 бизнесменнің қатарына кіреді. Елу төрт жастағы кәсіпкердің байлығы биыл мамырдағы көрсеткіш бойынша 250 млн. АҚШ долларына бағаланған. Ол «Ордабасы» компаниясының негізін қалаушы. "Қазақстан коммуналдық жүйесі", «Amanat» сақтандыру компаниясы, «КазАзот», «Ансаган Петролеум», «Ақтөбе мұнай қондырғылары зауыты» сияқты ірі жобалардың акционері.

Айта кетейік, Алматы қаласының Медеу аудандық соты 2019 жылы қаңтарда Ұлттық Банктің Дінмұхаммед Ыдырысовтан 24,9 млрд теңге көлемінде өтемақы алу туралы талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан болатын. «Qazaq Banki» АҚ-ның  ҰБ-тен алған қарзын қайтаруға бизнесмен міндеттеме алған. Алайда сот миллиардтаған қарызға кепілдік алған Дінмұхаммед Ыдырысовтың 2017 жылғы 9 тамыздағы кепілдік міндеттемесін жарамсыз деп таныды.

Qazaq Banki Ұлттық Банктен 2017 жылдың мамыр айында 85 млрд теңге алған.  Екі аптадан кейін екінші деңгейлі банк 60 млрд теңге негізгі қарызын және 216,6 млн теңге сыйақыны қайтарған. Қалған 25 млрд теңгені қайтару мерзімі бірнеше рет ұзартылып ақырында іс сотқа түскен еді. Ал 2018 жылы 24 қазанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Qazaq Banki» АҚ-ын мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдады.

Біз өз кезегімізде жоғарыдағы мәлімдемеге орай Д. Ыдырысовтың тарапынан жауап күтеміз.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары