Қант пен көкөністің кей түрі арзандаған
Елімізде азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсімі 10,7%-ға дейін қымбаттаған. Бұл 2016 жылғы қазаннан бергі ең жоғары көрсеткіш деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында.
Қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму бойынша баяндама жасаған Досаев аталған қымбатшылық инфляцияның өсуіне әсер етіп жатқанын айтты.
«Айлық өсім жоғары көрсеткіште қалып отыр. Алайда, жекелеген азық-түлік өнімдері бағасының өсу қарқыны тұрақталып келеді. Атап айтқанда, ет пен ет өнімдері бағасының 1,3%-ға дейін (сәуірдегі 1,6%-дан), жарма бағасының 2%-ға дейін (3,4%) баяулауы шеңберінде баға наурыз-сәуірдегі көрсеткіштерден 1,2%-ға дейін төмендеді. Қант 1,2%-ға арзандады (сәуірде – 6,2%-ға өскен еді), көкөністер 1,9%-ға арзандады (сәуірде – 3,1%-ке өскен)», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Жанар-жағармай бағасының өсімі де 5,3%-ға баяулаған. Коммуналдық қызмет тарифтері 1,9%-ға төмендеген.
Алайда, биыл инфляция 4-6%-дық нысаналы дәлізден жоғары болып қала бермек. Мұнай бағасы $40-дан аспайды деп болжам жасалып отыр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан