Досаев доллар неге арзандағанын түсіндірді
Мамырда 450 теңгеге жеткен доллар қайта құлдырады
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мамырда ішкі валюта нарығы сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен оң өзгеріске ұшырағанын айтты. Теңгенің нығаюына, әсіресе, мұнай құнының өсе бастауы септігін тигізген.
«Мұнай бағасының өсімі Қазақстанның сауда әріптестері елдерінің валюталарына қолайлы әсер етті. Ресей рублі мамырда бір АҚШ доллары үшін 70,14 рубльге дейін 5,7%-ға, еуро – бір еуро үшін 1,11 АҚШ долларына дейін 1,3%-ға нығайды... Мұнайдың әлемдік бағасының өсуі ішкі қолайлы факторлармен қатар теңгенің айырбастау бағамының мамырдағы бір АҚШ доллары үшін 424,57 теңгеден 411, 55 теңгеге дейін 3,1%-ға нығаюына ықпал етті», - деді Е. Досев Үкімет отырысында.
Ұлттық қордан валютаны жоспарлы сату да ұлттық валютаға қосымша қолдау болған.
«Өткен айда квазимемлекеттік сектордың компаниялары экспорттық валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату жөнінде қабылданған шараларды қолдану жалғасты. Мамырда КМС субъектілерінің сату көлемі бір айда 156 млн АҚШ долларын құрады», - деп айтты Е. Досаев.
8 маусымдағы сауда-саттықтың қорытындысы бойынша орташа бағам бір АҚШ доллары үшін 397,27 теңгені құрайды.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан