Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім шығарды
Ұлттық банк мәлімдемесінде әлемдік экономикадағы ахуалдың тұрақталып келе жатқанын, жекелеген тауар және қаржы нарығында жанданудың байқалап отырғанын жеткізді.
«Қытай экономикасының қалпына келуі, сондай-ақ, кейбір Еуропа елдері мен АҚШ-тағы карантин шараларының жеңілдеуі аясында мұнайды тұтыну көлемі біртіндеп артып келеді. ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін қысқарту мәмілесі бойынша алдын ала уағдаластыққа қол жеткізді. Мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 млн баррельге төмендету 2020 жылғы шілденің соңына дейін жалғасады», - делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Алайда коронавирус пандемиясына қатысты шектеу шаралары әлі де әлемдік экономикаға теріс әсер етіп жатыр. 2020 жылдың мамыр айында іскерлік белсенділік ең төменгі көрсеткішке жақындап, бұл жағдай Қазақстандағы экономикалық белсенділікке және инфляциялық процестерге теріс ықпал етіп отыр.
«Қазақстан Ұлттық банкі жылдық базалық мөлшерлемені +/– 2 п.т. пайыздық дәлізбен 9,5% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады», - делінген мәлімдемеде.
Ұлттық банктің болжамынша, биылғы жылдың соңына дейін инфляция 8,0-8,5% деңгейінде болады. Ал ақша-кредит саясаты саласындағы бұдан былайғы шешімдер шикізат тауарларының әлемдік нарықтарындағы ахуалдың даму факторлары, елдегі экономикалық белсенділіктің өсуі, сондай-ақ, инфляцияның өзгеруіне қарай қабылданады.
Банк хабарламасында айтылғандай, мұнай нарығындағы ахуал біртіндеп жақсарғанмен, баға әлі де төмен және тұрақсыз. Brent маркалы мұнайдың орташа айлық бағасы 2020 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша бір айда 20,7%-ға өскенін көрсетіп, бір баррель үшін 32,4 АҚШ долларын құрады.
Қазақстан Ұлттық банкінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімі 2020 жылы 20 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланады