Мәжілісте «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысына арналған үкімет сағаты өтіп жатыр. Баяндамашы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев бағдарлама ойдағыдай орындалып жатқанын айтты. Бірақ, Есеп комитеті жағдай басқаша дейді.
141 млрд теңге бөлінген бағдарлама
Кейінге шегінсек, бұл мемлекеттік бағдарлама Алматы қаласының қазіргі әкімі Бақытжан Сағынтаев премьер-министр болып тұрған тұста, 2017 жылдың 29 қарашасында бекітілген. Әзірлеген сол кездегі Ақпарат және коммуникациялар (қазір жойылған ведомствоны сол жылы Дәурен Абаев – агенттік) министрлігі. Бағдарламаны орындауға бүкіл министрлік пен барлық әкім жауапты. Бюджеті өте ауқымды. Қолдан қолға өткен бағдарламаға мемлекеттік бюджеттен 141 млрд 48 млн теңге бөлінген.
Оның ішінде:
2018 жылға 21 млрд 544 млн
2019 жылға 33 млрд 153 млн
2020 жылға 59 млрд 865 млн
2021 жылға 26 млрд 485 млн теңге қарастырылған.
Бағдарламаның бюджетіне мемлекеттік аудит жүргізілмеген
Мәжіліс депутаты Жанат Жарасовтың айтуынша, осы кезге дейін мемлекеттік бағдарламаның іске асырылу барысына мемлекеттік аудит жүргізілмеген. «Дегенмен, 2018 жылғы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қосымшаны дайындау шеңберінде есеп комитеті мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуына бағалау жүргізіп, оның барысында бағдарлама көрсеткіштерін жоспарлау кезде қателіктерге жол берілгенін анықтаған. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты көрсеткіштері тұтастай орындалмай қалу тәуекелі бар ма?» дейді мәселеге тоқталған депутат. Есеп комитетінің жауабы баяндама жасап тұрған Асқар Жұмағалиевті қуанта қойған жоқ.
« 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуын бағалау мәселесінде біз «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сараптама жасаған болатынбыз. Сараптама жүргізу барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Біріншіден, жоғарыда баяндамада айтылғандай, «Цифрлы Қазақстан» бағдардамасындағы көрсетілген 12 көрсеткіштің стратегиялық картада тек қана бесеуі орындалған. Осы бес индекатордың төртеуіндегі көрсеткіштердің мәнінде алшақтық бар. Бұл бір. Екіншіден, осы Цифрлы Қазақстан бағдарламасын іске асыратын орталық атқарушы органдардың, жергілікті атқарушы органдардың бағдарламалық құжаттары тиісінше өз деңгейінде қалыптастырылмаған», - деді Үкімет сағатында депутаттың сұрағына жауап берген Есеп комитетінің мүшесі Нұрлан Нұржанов.
Есеп комитеті мемлекеттік бағдарламаны орындайтын бүкіл органдарға бағдарлама басталып, орындалғаннан кейін ғана емес, бағдарламаны жоспарлаған кезде тәуекелдерді ескеру керек деп кеңес берді.
«Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына сараптама жүргізе отырып, негізгі мәселелер ретінде үйлесімділігін қамтамасыз етпеу, қаржымен қамтамасыз етпеу, экономикаға әсерін бағалау мәселесін түпкілікті қарастыру мақсатында мемлекеттік бағдарламалардың жоспарын мемлекеттік сараптамадан өткізу қажет деп ұсынып отырмыз», - дейді ол.
Ол қандай 12 индикатор?
Бағдарламаның паспортында есеп комитетінің мүшесі айтып отырған 12 индикатор анық көрсетілген. Бірақ, Асқар Жұмағалиев баяндамасында индикаторларға жеке-жеке тоқталып, қай көрсеткіш ақсап тұрғанын көрсеткен жоқ. Бағдарламаның бюджетіне қатысты да жақ ашпады. Біз бағдарламаның паспортына сүйене отырып, «Цифрлы Қазақстан» орындалып біткенде Қазақстан қай индикаторларын жақсартпақшы екеніне тоқталып отырмыз.
Бірінші индикатор – Қазақстан 2022 жылы «Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді игеру» секциясы бойынша еңбек өнімділігін 38,9% арттыру;
Екінші индикатор - «Көлік және қоймалау» секциясы бойынша еңбек өнімділігін 21,2% арттыру;
Үшінші индикатор - «Ауыл, орман және балық шаруашылығы» секциясы бойынша еңбек өнімділігін 45,1% арттыру;
Төртінші индикатор - «Өңдеу өнеркәсібі» секциясы бойынша еңбек өнімділігін 49,8% арттыру;
Бесінші индикатор - бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі электрондық сауданың үлесін 2,6% арттыру;
Алтыншы индикатор - цифрландыру есебінен құрылған жұмыс орындарының өсуін 300 мың адамға жеткізу;
Жетінші индикатор - мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жалпы көлемінен электрондық түрде алынған мемлекеттік қызметтердің үлесін 80% жеткізу;
Сегізінші индикатор - интернет желісін пайдаланушылардың үлесін 82% жеткізу;
Тоғызыншы индикатор - халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 83% жеткізу;
Оныншы индикатор - «Инновацияға қабілетілік» индикаторы бойынша ДЭФ ЖБҚИ рейтингісінде 63 орынға шығу;
Он бірінші индикатор - стартаптарға тартылған инвестициялар көлемін 67 млрд.теңгеге жеткізу;
Он екінші индикатор - ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту индексі бойынша әлемдік рейтингте 30-орынға жеткізуді көздеп отыр. Бұл индикаторлардың барлығы 2022 жылы орындалуы керек.
Депутат Дәурен Абаев пен Асқар Жұмағалиевтің сөздерінен қарама-қайшылық тапты
Индикаторлар арасындағы елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету көрсеткіші де мәз емес көрінеді. Депутат Нұртай Сәбилянов екі министрдің мақсаты бір, есептері әртүрлі дейді.
«Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2021 жылға жейін халық саны 250 адамнан асатын ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интрнетпен қамамасыз ету қарастырылған. Бұл жөнінде жаңа министр айтты. Бірақ бұл жерде біраз сан айырмашылықтары бар. Қазіргі кезде халық саны 250 адамнан асатын ауылдардың саны - 4204. Енді министрлік 2018 жылдан бастап 2020 жыл аралығында талшықты-оптикалық байланыс желілері бойынша кең жолақты интернетті 1250 ауылға тарттық дейді. 2017 жылға дейін елімізде интернетпен қамтамасыз етілген 1228 ауыл болды. Екеуін қосатын болсақ, 2478 ауылдық елді мекен 2020 жылға дейін қамтамасыз етіледі екен. Сонда айтайын дегенім: интернетпен қамтамасыз етілмеген 1726 елді мекен қайда кетті? Құрметті министр мырза, оны қалай қамтамасыз етесіздер? Әлде сіздер жалған ақпарат беріп отырсыздар ма?», - деген депутаттың сұрағына Асқар Жұмағалиев жауап берген жоқ.
Нұртай Сәбилянов кезінде осы бағдарлама бойынша баяндама жасаған Дәурен Абаев пен бүгін баяндама жасап тұрған Асқар Жұмағалиевтің сөзінен кереғар деректер тапты.
«2017 жылы 15 ақпан күні парламенттің жалпы отырысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Зайроллаұлы «бүкіл ауылдық елді мекендер қай уақытта интернетпен қамтамасыз етіледі» деп, сол кездегі ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа сұрақ қойды. Сол кезде Дәурен Абаев «2017-2019 жылы 1291 ауылдық елді мекен қамтамасыз етіледі, қалған 4000 ауылдық елді мекен 2025 жылға дейін қамтамасыз етіледі» деп айтқан. Оны біз ұмытқан жоқпыз. Ал сіздер екі жылдың ішінде 3324 ауылға жеткізіп жібердіңіздер. Бұл қалай?», - деді депутат.
Айтқанымыздай, бұл бағдарламаны бастап кеткен – Дәурен Абаев еді. Ол 2016 жылы мамырда Президент Жарлығымен Ақпарат және коммуникациялар министрі болып тағайындалды. 2019 жылдың ақпанында жаңа құрылған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне басшылыққа келгенше осы саланы басқарған. Ал, 2019 жылдың 25 ақпанында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Министрлігі құрылған соң, бағдарлама жаңа министрліктің басшысы Асқар Жұмағалиевтің қоластына өтті.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан