Президент Ақордада Ұлттық банктің жылдық есебін тыңдады

Автор: Бақыт Шынар

Ұлттық банк төрағасы ұйымның 2024 жылғы жұмысы туралы есеп берген

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Ұлттық банктің 2024 жылы атқарған қызметі туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорда жазғандай, кеңес президенттің төрағалығымен өткен. Ұлттық банк төрағасы президентке макроэкономикалық ахуал, ақша-несие саясатының негізгі көрсеткіштері, қаржы жүйесінің жай-күйі, халықаралық резервтер, БЖЗҚ мен Ұлттық қор активтері туралы баяндаған.

«Жиын барысында Ұлттық банктің қызметіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар республикалық бюджеттің орындалуы, инфляцияны төмендету, ақша-несие саясаты, «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасы, экономиканың нақты секторын кредиттеу, сондай-ақ Ұлттық банктің алтын-валюта активтерінің жағдайы қарастырылды», - деп жазады Ақорда.