Бұл туралы екі елдің СІМ кездесуі кезінде айтылды
Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Алматы қаласына жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Келіссөздер барысында тараптар биік және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын, сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
«Саяси диалогтың жоғары серпінін сақтау және қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті іске асыру Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара іс-қимылдың басты басымдықтарының бірі. Мемлекет басшыларының қойған міндеттері негізінде біз осы бағытта жұмыс істеп келеміз», - деп мәлімдеді Мұрат Нұртілеу.
Сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселесіне айрықша назар аударылды. Стратегиялық маңызы бар салаларда – көлік және логистика, энергетика, металлургия, машина жасау, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы бағыттарында мемлекетаралық серіктестіктің оң динамикасы аталып өтті.
2024 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара тауар айналымы 27,8 млрд АҚШ доллары болып, өткен жылмен салыстырғанда 2,8%-ға өскені тіркелді. Осыған орай тараптар бұл көрсеткішті алдағы уақытта 30 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуге мүдделіліктерін растады.