Қазақстан Қытай мен Орталық Азия елдерінің арасында логистикалық хаб болуға мүдделі
Астанада Орталық Азия пошта операторларының саммиті өтті

Астанада электрондық коммерция, логистика және тарифтік стратегиялардың болашағын талқылау үшін пошта және курьерлік қызметтермен айналысатын Орталық Азия мен Қытайдың жетекші сарапшылары бас қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Орталық Азия жөніндегі саммит алғаш рет Қазақстанда өтіп отыр. Болашақта елімізді Қытайдан келетін тауарларды Моңғолия мен Өзбекстан сынды елдерге транзит ретінде қодану мәселесі пысықталды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, пошта және логистика секторлары елдер арасындағы ынтымақтастыққа аса мұқтаж.
«Экономикалық даму, цифрлық трансформация үшін де бұл аса маңызды. Біздің еліміз цифрландырудың әлеуетін барынша қолданып, дамыта түсуі қажет. Бүгінгі алаңда түрлі тараптар арасында тиімді жолдарды табуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», - деді министр.
Қытай тарапы Қазақстанның транзиттік хаб ретінде әлеуетінің жоғары екенін бағалап отыр. YTO Express төрағасы Юй Вэйцзяо Астанада әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшыларымен бас қосуға мүмкіндік берген Қазақстан үкіметіне алғыс айтты.
«Орталық Азия және Қытай арасындағы өзара тауар алмасудың тарихы терең. Оның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастығы да дамып жатыр. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Орталық Азия мен Қытайдың қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығарды. Екі аймақ бір-бірімен аса тығыз байланысты. «Бір белдеу - бір жол» аясында да ынтымақтастық нығайып жатыр. 20 жылда біздің компания технология, әуе тасымалы, электронды сауданы қамтып келеді. Біздің кәсіпорынның басты бес бағыты бар. Осы 20 жылда YTO 26,5 млрд курьерлік жеткізуді жүзеге асырды. Ал компанияның табысы 20 млрд юаньді құрады», - деді Юй Вэйцзяо.
Оның айтуынша, компания бір күнде 9 млн пошта тапсырысын орындайды. 2025 жылы кәсіпорын қауіпсіздік пен жаһандық бағытты жаңа бағыт ретінде қарастырып отыр.
Ал «Қазпошта» АҚ төрайымы Әсел Жанасова аймақта алғаш рет пошта және логистика операторларының, электрондық сауда саласындағы көшбасшылардың, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бір алаңда бас қосып, ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін бірлесіп анықтап жатқанын атап өтті.
«Біздің өңір Еуразиядағы ең маңызды көлік дәліздерінің тоғысқан тұсында орналасқан. Соңғы жылдары Қазақстан сенімді қадамдар арқылы транзиттік хабқа айналу жолында ілгеріледі, ал «Қазпошта» ретінде біз осы үдерістегі жауапкершілігімізді толық сезінеміз. Әлем өзгеріп жатыр. Электронды сауданың өсуі, цифрлық шешімдердің енуі, тұрақты логистикалық бағыттарға деген қажеттілік — осының бәрі саланың бет-бейнесін өзгертіп жатыр. Бұл жағдай бейімделіп, үйлесімді жұмыс жүргізіп және ашық диалог орнатуды талап етеді. Сондықтан осы форумның басты мақсаттарының бірі — үздік тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және ортақ шешімдер әзірлеу», - дейді Әсел Жанасова.
Оның айтуынша, күнделікті жұмыстың артында өте маңызды құндылықтар жатыр.
«Біз тек тиімділік пен сенімділікке ғана емес, сонымен қатар өз жұмысымыз арқылы көкжиегімізді кеңейтуге, өзара түсіністік пен түрлі елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосуға тырысамыз», - деді Жанасова.
«Қазпошта» АҚ төрағасының қаржы жөніндегі орынбасары Азамат Кескінбаев қазір трансшекаралық электронды коммерция қарқынды дамып жатқанын айтты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Қазпошта» 20 млн-нан астам тапсырыс жеткізген. Оның тең жартысы ел ішінде жасалса, қалғаны шетелден келетін тасымалдар.
«Тапсырыстардың басым бөлігі Қытайдан келеді. Бұл тенденция жыл сайын 20-30 пайыз өсіп отыр. Тапсырыстарды былтыр ынтымақтастық жасаған YTO компаниясымен бірге жеткіземіз. Ол компания Қытайдың маркетплейстерінен елімізге жететін тауарларға логистикалық жағдай жасайды. Осы орайда біз компаниядан бағдарламалардың IT шешімін күтеміз. Ол бізге операциялық жүйені жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Кескінбаев.
Оның айтуынша, YTO компаниясымен ынтымақтастықта көзделген басты мақсат – Орталық Азиядағы ірі логистикалық операторын құру.
«Қазір Қытайдан Қазақстанға тауар жетеді. Біз осы алаңда бірқатар меморандумға қол қоюды қарастырып отырмыз. Қытайдан Орталық Азияға жететін тауарларды біздің серіктестік арқылы жүзеге асыруды қарастырмаыз», - деді ол.
Орталық Азия маңызды логистикалық хаб ретінде дамуын жалғастырып келеді, сондықтан бұл саммит өңірдегі пошта және курьерлік қызметтер саласындағы өзара байланысты нығайтудың жолдарын талқылауға арналған. Әртүрлі елдерден келген сарапшылар мен саланың жетекші компаниялары тиімділікті арттыру және нарықтағы тұрақты өсімді қамтамасыз етуге бағытталған өзекті мәселелерді талқылап, стратегияларды пысықтады.